Маңғыстауда «Таза Қазақстан» акциясына 70 мыңнан астам тұрғын қатысты
Маңғыстауда «Таза Қазақстан» акциясына 70 мыңнан астам тұрғын қатысты
Биыл Маңғыстауда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткен сенбіліктерге 70 мыңнан астам адам қатысып, 21 мыңнан астам көшет егілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Хайдар Тулеушов мәлімдеді, деп жазады otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, акцияға 10 мыңнан астам ерікті, санитарлық тазалық пен көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға 2800 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде облыс аумағынан 7 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
- Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында өңірімізде санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру, көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. «Мөлдір бұлақ», «Тазару күні», «Таза қала», «Таза аула», «Жасыл болашақ» акциялары ұйымдастырылып, тарихи-мәдени орындарда сенбіліктер өткізілді. Бұл жұмыстар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған, - деді Хайдар Тулеушов.
Брифингте экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары да сөз болды. Жыл басынан бері 5636 әкімшілік хаттама рәсімделіп, оның ішінде 5532 азаматқа ескерту берілсе, құқық бұзушыларға айыппұл салынған.
Сонымен қатар өңірде күн сайын мониторингтік және рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Қазір 8 мобильді топ құрылып, 35 рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 20 фактісі анықталды.
Сонымен бірге табиғи аумақтарға келушілерге арналған тәртіп қағидалары әзірленіп, қоршаған ортаға зиян келтіретін әрекеттерге шектеулер енгізілмек.
Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев өңірдегі ірі кәсіпорындардың қатысуымен экологиялық жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты.
- Департаменттің ұйымдастыруымен өңірдегі ірі мекемелер арасында «2026 жылға арналған “Таза Қазақстан” экологиялық акциясының кешенді жоспары» бекітілді. Жоспар аясында биыл 12 466 түп ағаш егіледі. Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі 2025 жылы егілген 2 179 түп айлант ағашын күтіп-баптау жұмыстарын атқарып келеді. Ірі кәсіпорындар жыл басынан бері 205 сенбілік өткізіліп, 3 700 түп жасыл желекті екті. Оның шамамен 80 пайызы жергілікті эксперименталдық ботаникалық бақтан алынған көшеттер, - деді Армат Жүсіпқалиев.
Спикердің айтуынша, департамент көгалдандыру жұмыстарының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ өңірдегі киелі және тарихи-мәдени нысандарда ірі кәсіпорындардың қатысуымен санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Брифингте заңсыз қоқыс орындарын жою бағытындағы жұмыстарға да ерекше назар аударылды. «Ғарыш Сапары» геопорталының деректеріне сәйкес, Мұнайлы ауданында 16 стихиялық қоқыс орны анықталған. Қазіргі таңда олар толық жойылды.
Айта кетейік, өңірдегі экологиялық мәселелерді жедел шешу мақсатында тұрғындардан өтініш қабылдайтын @TazaQazBot Telegram чат-боты жұмыс істейді. Сонымен қатар, заңсыз қоқыс үйінділері мен өзге де экологиялық мәселелер туралы ақпаратты +7 775 312 79 65 нөмірі арқылы WhatsApp желісіне жолдауға болады.