Елімізде жаңа газ кен орындарын игеру жұмыстары жүріп жатыр
Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Мемлекет басшысының газдың ресурстық базасын кеңейту және геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жүріп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ол Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты» жобасы бойынша 2025 жылы тереңдігі 5 750 метр болатын ұңғыма бұрғыланғанын, бірінші және екінші объектілерді сынау нәтижесінде газ ағыны алынғанын, бүгінгі таңда үшінші объектіні сынау үшін дайындық жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
Бұған қоса, осы жылдың соңына дейін жоба аясында тереңдігі 6 000 м екінші ұңғыманы бұрғылауды бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ ҚазМұнайГаз Маңғыстау облысында «Болашақ» жобасын жүзеге асырып жатыр, жоба аясында биыл үшінші тоқсанның соңына дейін тереңдігі 3 500 метр болатын бірінші іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастау жоспарланған.
- “Жылыой” және “Березовский” екі жаңа жоба бойынша бүгінгі таңда ірі қытайлық серіктестер – CNOOC мен Sinopec компанияларымен келісімшарт жасалды. Осы жылы күзде сейсмикалық барлау жұмыстары басталады, - деп толықтырды Асхат Хасенов.