Маңғыстауда «Эко тимбилдинг - 2026» волонтерлік экологиялық акциясы өтті
Маңғыстау облысының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Мұнайлы ауданына қарасты «Omir Glamping» демалыс орнының жағалау аймағында облыстық «Эко тимбилдинг – 2026» іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыстың түкпір-түкпірінен арнайы жиналған 80 волонтер қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық жауапкершілікті арттыру және волонтерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында бас қосты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қатысып, жастарға табиғат аясындағы қауіпсіздік шаралары мен төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар жағалау аумағын тазалау жұмыстарына кірісіп, жиналған қалдықтарды сұрыптау арқылы арнайы қабылдау орындарына тапсырды. Экологиялық акция қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты іс-әрекеттермен жалғасты.
Шараға UNICEF ұйымы, «Рухтан» қоғамдық бірлестігі, «Қолдау» волонтерлар корпусы, Жаңаөзен қаласындағы «Жасыл жебе» эковолонтерлер клубы, «Astro-X», «English Speaking Club» және «JanaLep» еріктілер клубтары қолдау көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылар тимбилдинг ойындарына қатысып, жаңа таныстықтар орнатып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.