Маңғыстаулық оқушылар қайта өңделген пластик қалдықтарынан бұйым жасайды
Қарақия ауданындағы №11 жалпы білім беретін мектепте пластик қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған «RePlastic» экологиялық жобасы жүзеге асып келеді. Жоба аясында 7-8 сынып оқушылары пайдаланылған пластик қақпақтарды қайта өңдеп, күнделікті қолданысқа арналған брелоктар әзірлеп жүр, деп жазады otpannews.kz сайтының тілшісі zakon.kz-ке сілтеме беріп.
Жоба жетекшісі Айымгүл Сүлейменованың айтуынша, оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, пластик қалдықтарының қайта өңдеуге болатын шикізат екенін тәжірибе арқылы көрсету - басты мақсат.
Қазір үйірме қатысушылары қалдықтарды сұрыптау, өңдеу технологиясын меңгеріп, өз қолдарымен жаңа өнім дайындауды үйренген.
«Соңғы жылдары пластик қалдықтарының көбеюі қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп отыр. Сондықтан біз оқушыларға пластиктің қоқыс емес, қайта өңдеуге болатын шикізат екенін көрсетуді мақсат еттік. «RePlastic» жобасы арқылы балалар қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу технологиясын меңгеріп қана қоймай, экологиялық мәселелерді шешуге өз үлестерін қосып келеді», - деді Айымгүл Сүлейменова.
Мектеп ұжымы «Рухтан» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Qoldau» гранттық жобасына қатысып, 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға да ие болған. Қаржылай сыйақыға үйірмеге қажетті пластикті қайта өңдеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алып, мектепте шағын шеберхана жасақталған.
«Үйірме мүшелері пайдаланылған пластик қақпақтардан түрлі-түсті брелоктар әзірлейді. Алдымен шикізат жиналып, түстері бойынша сұрыпталады. Кейін арнайы құрылғыда ұсақталып, термопрессте балқытылады. 3D-принтер арқылы дайындалған қалыптардың көмегімен бұйымдарға қажетті пішін беріліп, соңында олар қолмен өңделіп, дайын өнімге айналады», - дейді Айымгүл Сүлейменова.
Жоба кезінде оқушылар тек дайын технологияны меңгеріп қана қоймай, өздерінің тың идеяларын ұсынып келеді. Олар жаңа үлгілер әзірлеп, түстік үйлесімдерді таңдап, болашақ бұйымдардың дизайнын өздері жасайды.
Бұған дейін дайын брелоктар мектепте ұйымдастырылған экологиялық жәрмеңкеде таныстырылып, кейін көрмелерде көпшілік назарына ұсынылды. Ал оларды сатудан түскен қаражат жобаны одан әрі дамытуға және жаңа экологиялық бастамаларды іске асыруға жұмсалып келеді.
Мектептің 7 сынып оқушысы Кәусар Ибрахимнің айтуынша, жоба оның көзқарасын өзгерткен.
«Біз қарапайым пластик қақпақтардың да пайдаға жарайтынын өз көзімізбен көрдік. Өз қолымызбен жасаған бұйымды көргенде ерекше әсер аламыз. Осындай жұмыстар арқылы табиғатты қорғауға өз үлесімізді қосып жүргенімізді сезінеміз», - дейді оқушы.