Мүлікті қорғау - өз қолыңызда: Заң не дейді, маман не ұсынады?
Қазіргі қоғамда жеке мүлікті сақтау және оның қауіпсіздігі - өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе демалыс немесе іс-сапар маусымында пәтер ұрлығы мен бөтеннің мүлкіне көз салу жиілеп кетеді. Оған қоса алаяқтардың құрбаны болып, жалған құжатқа алданып, басындағы мүлкінен айрылып жатқандарды да кездестіруге болады. Otpannews.kz тілшісі азаматтардың «мүлкімді ұрыдан қалай қорғаймын?» деген сауалына мамандардан жауап алды.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың жеке меншік құқығы заңмен қорғалады. Атап айтқанда:
• ҚР Конституциясының 26-бабында: «Азаматтардың заңды түрде алған қандай да болсын мүлкі оның жеке меншігі болып есептеледі. Меншік құқығына заңмен кепілдік беріледі», - деп тайға таңба басқандай жазылған.
• Ал біреудің мүлкіне заңсыз қол сұққандар үшін жауапкершілік қатаң. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы («Ұрлық») бойынша бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру, әсіресе тұрғын үйге, қоймаға заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық ауыр қылмыс саналады және мүлкі тәркіленіп, бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Заң қылмыскерді жазалағанымен, материалдық және моральдық шығынның алдын алу үшін әрбір тұрғын өз мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Мүлікті қорғаудың ең тиімді жолдары мен қазіргі жағдай туралы мамандар тұрғындарға бірнеше сақтық шараларын ұсынады.
"Ең алдымен тұрғындар үйдің қауіпсіздігін күшейтуге назар аударуы қажет. Пәтер немесе жеке тұрғын үйдің есік-құлыптарының сапалы болуын қамтамасыз етіп, терезелердің сенімді жабылуын қадағалау маңызды. Сонымен қатар бейтаныс адамдарға үйде ешкім жоқ екендігін білдіретін ақпаратты жарияламаған жөн. Бейнебақылау камералары мен дабыл жүйелері мүлікті қорғауда өте тиімді құралдардың бірі. Олар құқық бұзушылықтың алдын алуға, күдікті әрекеттерді уақытылы анықтауға және қылмыс орын алған жағдайда дәлелдемелер жинауға мүмкіндік береді. Сондықтан тұрғындарға заманауи қауіпсіздік жүйелерін орнатуды ұсынамыз. Үйден ұзақ уақытқа кеткен кезде есік-терезелердің толық жабылғанына көз жеткізу керек. Мүмкіндігінше жақын туыстарға немесе сенімді көршілерге үйді бақылауды тапсырып, пошта жәшігінде хаттардың жиналып қалмауын қадағалаған жөн. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде сапар туралы ақпаратты алдын ала жарияламауға кеңес береміз. Мүліктің қауіпсіздігі – әр азаматтың жауапкершілігі мен сақтығына тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн"- дейді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаева.
Мүлікті сақтаудың 5 ережесі:
1. Техникалық қорғаныс: Үйдің есік-терезесінің беріктігіне көз жеткізіңіз. Смарт-құлыптар мен заманауи бейнебақылау жүйелерін орнатыңыз.
2. Күзет қызметі: Мүмкіндік болса, пәтерді немесе нысанды мамандандырылған күзет агенттіктерінің бақылауына беріңіз.
3. Ақпараттық қауіпсіздік: Сапарға шыққанда бұл туралы әлеуметтік желіде жария етпеңіз. Оны тек сенімді адамдар ғана білсін.
4. «Көрші қырағылығы»: Ұзақ уақытқа кеткенде сенімді көршілеріңізге үйге көз қырын салып қоюды, пошта жәшігіндегі хаттарды алып тұруды өтініңіз (толған пошта жәшігі – үй иесінің жоқтығының белгісі).
5. Құнды заттарды сақтау: Ірі көлемдегі ақша мен бағалы бұйымдарды үйде емес, банк ұяшықтарында немесе арнайы сейфтерде сақтаған абзал.
Мүлікті қорғау - сіздің тыныштығыңыз бен қауіпсіздігіңіздің кепілі. Заң сіздің құқығыңызды қорғайды, ал сіздің қырағылығыңыз қылмыстың алдын алады.