Otpan News Logo

Маңғыстауда жастардың әлеуетін дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар іске асады

|
07.04.2026 18:39
Маңғыстауда жастардың әлеуетін дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар іске асады

Биыл Маңғыстау облысында жастар белсенділігін қолдау бағытында мемлекеттік грант есебінен жеті әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, он мыңға жуық жас қамтылады. Жобалар психологиялық қолдау, IT, креативті индустрия, урбанистика, әскери-патриоттық тәрбие және құқықтық мәдениет бағытын қамтиды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Қалампыр Уәзірова айтты.


Спикердің айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 129 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Ал skills.enbek.kz платформасында 327 жас онлайн оқытуға жолдама алды.


-Жастарға психологиялық қолдау көрсету үшін психологтар ToT форматында оқытылады. Креативті индустрияны дамыту мақсатында әзіл-сықақ ойындарының 2 лигасы ұйымдастырылмақ. IT-саласында жастар үшін «Маңғыстау жастары» мобильді қосымшасы жаңартылып, жасанды интеллектті пайдалану бойынша екі шеберлік сағаты және бес подкаст ұйымдастырылады. Ауыл жастарының урбанистикалық бастамалары үшін алты шағын грант ұсынылады, - деді Қалампыр Уәзірова.


Спикердің айтуынша, жастар арасындағы синтетикалық есірткі мен психотропты заттардың таралуын алдын алу мақсатында былтыр іске асырылған «Есірткісіз Маңғыстау» жобасы пилоттық сипатта болды. Биыл жоба жаңғыртылып, кеңейтілген форматта «Сақтан» атауымен қайта іске қосылады. 


-«Кедергісіз Маңғыстау» және «Сақтан» жобалары арқылы жастар әлеуметтеніп, есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады. Биыл «Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасы жалғасын табады. Жергілікті бюджет пен «Отбасы банк» АҚ қолдауымен 69 жас баспаналы болады деп жоспарланған. Сондай-ақ, биыл 15 мыңға жуық жас әлеуметтік қолдауға қол жеткізеді деп жоспарланған,- деді Қалампыр Уәзірова.


Сонымен қатар, аймақ жастары арасында пікірсайыс қозғалысын дамытуға бағытталған «Soz Battle» жобасы да жалғасады. Өткен жылы жоба аясында «Caspian CUP» жазғы және күзгі пікірсайыс турнирлері өткізілді.


Брифинг барысында спикер республикалық деңгейде тәжірибе алмасу мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің кубогы үшін «Mangystau CUP» пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып, «Еркін пікір» телевизиялық бағдарламасы көрермен назарына ұсынылғанын жеткізді.


12 тамыз - Халықаралық жастар күніне арналған «Aktau Youth Fest» жастар фестивалі өткізіледі. Жоба аясында жастардың шығармашылық, спорттық және волонтерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады.


Брифинг барысында басқарма басшысының орынбасары биыл жастарға арналған фестивальдер мен халықаралық волонтерлік жобаларға тоқталды.


-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Каспий теңізіндегі экожүйені сақтау мақсатында «Caspian Sea Action Week» халықаралық еріктілер апталығы 6-12 тамыз аралығында гибридті форматта ұйымдастырылады. Жобада Ресей, Түрікменстан, Әзербайжан делегациялары, БҰҰ еріктілері және республикалық деңгейдегі эко-еріктілер қатысады, - деді Қалампыр Уәзірова.

28
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!