Мемлекеттік басқару академиясына оқуға құжат қабылдау басталды
1 сәуірден бастап ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026-2027 оқу жылына оқуға құжат қабылдау басталды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Айгүл Демеуова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, академияда магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша құжаттарды қабылдау admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Биыл үміткерлер 1 сәуір мен 1 маусым аралығында тіркеліп, өтініш бере алады. Яғни құжат қабылдау процесі екі ай көлемінде жүргізіледі.
- Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында магистратураға 200 адам, ал докторантураға 12 адам қабылданады. Бұрын магистратура бағдарламаларына 120 грант бөлінсе, биыл мемлекеттік грант саны 80-ге артты. Сонымен қатар үміткерлердің функционалдық еңбек өтілін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылатын болады. Жаңа оқу жылында құжаттар 15 білім беру бағдарламасы бойынша қабылданады, - деді Айгүл Демеуова.
Сонымен қатар, спикер биыл академияда жаңа «ML-Құқық», «EMBA - Іскерлік әкімшілендіру», «DDPA - Цифрлық мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламалары енгізілгенін атап өтті.
- Жекелеген білім беру бағдарламаларын ғылыми-педагогикалық бағытқа ауыстыруға байланысты «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар» және «Экономика» бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 1,5 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар «Адами ресурстарды басқару» білім беру бағдарламасы «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» болып өзгертіліп, оқу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайтылды. Ал «Мемлекеттік саясат» магистратура бағдарламасына түсушілер үшін ағылшын тілін меңгергенін растайтын сертификаттың болуы міндетті талап ретінде енгізілді, - деді Айгүл Демеуова.
Конкурстық іріктеу 5-19 маусым аралығында өтеді. Ал аналитикалық эссе 5-7 маусым күндері жазылады. Сондай-ақ сұхбат 5-19 маусым аралығында ұйымдастырылады. Алдын ала қабылдау 25 маусымда жарияланып, қорытынды қабылдау 10 шілдеде шығарылады және оқу процесі 1 қыркүйекте басталады.
Айта кетейік, конкурстық іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер аналитикалық эссе жазады, ал екінші кезеңде қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінің бірінде ауызша сұхбат тапсырады. Сұхбат офлайн форматта жеке кабинетте көрсетілген кестеге сәйкес өткізіліп, толықтай бейнежазбаға тіркеледі. Сонымен қатар, докторантура бағдарламаларына түсетін үміткерлер үшін қосымша үшінші кезең ретінде зерттеу жұмысы жоспарының жобасы бағаланады.