Маңғыстауда 48 құқықтық кабинет жұмыс істейді
Өңірде тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ірі жоба іске асырылуда. Осы бастама аясында 50-ге жуық елді мекенде арнайы «Құқықтық кабинет» жұмысын бастады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бұл - әрбір тұрғынның заңгерлік көмекті тегін алуына, сондай-ақ түрлі құқықтық мәселелер бойынша қажетті ақпаратқа қол жеткізуіне арналған ыңғайлы кеңес беру алаңдары.
Мұнда азаматтарға қолданыстағы заңнама нормалары түсіндіріліп, құқықтық жағдайларда бағыт-бағдар беруге және өзекті сауалдарға жауап алуға көмек көрсетіледі. Жоба Мемлекет басшысының қоғамдағы құқықтық мәдениетті дамыту және халықтың заңгерлік сауаттылығын арттыру бағытындағы тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастама құқықтық көмекті, әсіресе ауылдық елді мекен тұрғындары үшін қолжетімді етіп, туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
«Әділет департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ауылдық округтар мен елді мекендерде құқықтық кабинеттер ашты. Облыс бойынша 48 кабинет бар. Бұл кабинеттер компьютерлермен, принтерлермен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Осы арқылы тұрғындар e-Otinish ақпараттық жүйесін, eGov порталын пайдалана алады. Сондай-ақ, нормативтік-құқықтық актілермен танысып, тегін заңгерлік көмек алуға мүмкіндігі бар», - деді Маңғыстау облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы Айнұр Исақова.