Нөсер жаңбыр, қар: Маңғыстауда ауа райына байланысты тұрғындарға ескерту жасалды
OTPANNEWS.KZ. - Қараша айында ауа райының күрт құбылуына байланысты Маңғыстау облысында нөсер жаңбыр, қар, боран, қатты жел, тұман және көктайғақ болуы мүмкін. Осыған орай Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Мамандар қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздік талаптарын орындаудың маңыздылығын ескертеді. Тұрғындарға ауа райы болжамдары мен дауылды ескертулерді тұрақты бақылау ұсынылады. Қатты жел кезінде ғимараттардан, ағаштардан, электр бағаналары мен жарнамалық құрылымдардан алыс жүрген жөн.
Нөсер жауын кезінде су басу қаупі бар аумақтарға бармаған абзал. Қарлы боран кезінде алыс жолға шығуды шектеп, аса қажеттілік болмаса, елді мекеннен тыс жерлерге шықпау қажет. Көктайғақ кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтап, көлік жылдамдығын төмендету маңызды.
Автокөлікпен жолға шығар алдында қысқы дөңгелектердің жарамдылығын, жанармай қоры мен қажетті авариялық құралдардың бар-жоғын тексеру керек. Ауа райы күрт нашарлап, жолда мәжбүрлі тоқтауға тура келсе, көлікті тастап кетпей, құтқарушылардың көмегін күткен жөн. Сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмай, олардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.
Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларына жауапкершілікпен қарап, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігін назардан тыс қалдырмауға шақырады. Төтенше жағдай туындаған немесе көмек қажет болған жағдайда 112 бірыңғай шұғыл қызмет нөміріне хабарласуға болады.