Маңғыстаулық төрт сыныптас Ұлттық ұлан қатарында бірге қызмет етеді
Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданындағы №12 орта мектептің төрт түлектері Сүндет, Олжас, Сағыныш және Бекзат бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында бірге мерзімді әскери қызметін өткеріп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Олар Атырау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінде қызмет атқарады. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, мектеп қабырғасынан басталған достық әскерде де жалғасын тапқан.
Қазіргі таңда жас сарбаздар әскери істің қыр-сырын меңгеріп, жауынгерлік дайындықтан өтіп, армиялық өмірге бейімделіп жатыр. 31 қаңтар күні олар үшін әскери ант қабылдау рәсімі өтеді.
Сарбаздардың айтуынша, бала күннен бірге өскен достарымен қатар қызмет ету оларға сенім беріп, жауапкершілік сезімін арттыра түседі. Бір-біріне демеу бола отырып, олар әскери өмірдің қиындықтарын бірге еңсеріп, тәртіп, төзімділік пен өзара көмекті көрсетіп келеді.
«Бала кезден бірге өскен достарыммен бір бөлімде қызмет ету - үлкен мәртебе әрі мақтаныш. Армия адамды тәртіпке, жауапкершілікке тәрбиелейді. Отан қорғау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Біз бұл таңдауды саналы түрде жасадық», - деді қатардағы жауынгер Олжас Төлеген.
Бір сыныптан - бір сапқа тұрған маңғыстаулық жігіттердің бұл үлгісі патриоттық құндылықтардың сабақтастығын айқын көрсетіп, өскелең ұрпаққа өнеге болып отыр.