Otpan News Logo

Маңғыстаулық студенттер халықаралық «Кәсіпқойлар» додасында жүлдегер атанды

|
05.06.2026 11:40
Маңғыстаулық студенттер халықаралық «Кәсіпқойлар» додасында жүлдегер атанды

Ақтаудағы Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің командасы Ресейде өткен «Кәсіпқойлар» кәсіби шеберлік чемпионатының финалында Қазақстанның намысын абыроймен қорғады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Байқау 27 мамыр мен 1 маусым аралығында Нижний Новгород қаласындағы Федералдық кәсіптік білім беру технопаркінде өтті.


Ауқымды шараға Ресейдің 89 өңірінен және Қазақстанды қоса алғанда 19 достас мемлекеттен 10 мыңнан астам қатысушы жиналды. Ақтаулық студенттер ақпараттық технологиялар мен креативті индустрияларға қатысты бірнеше құзыреттілік бойынша бақ сынаған.


Колледж директорының орынбасары Данияр Орынбасардың айтуынша, команда «Графикалық дизайн», «Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ішкі қауіптерден корпоративтік қорғау», «Виртуалды әлемдерді әзірлеу / AR/VR», «Компьютерлік ойындарға арналған 3D-модельдеу» және «Web-технологиялар» бағыттары бойынша өнер көрсетті.


Чемпионат қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының өкілдері үш күміс медаль жеңіп алды. «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша Артемий Алферьев екінші орынға ие болды. Оны байқауға А.Ізбасарова дайындаған.

«Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ішкі қауіптерден корпоративтік қорғау» құзыреттілігі бойынша Антон Имаев күміс жүлдегер атанды. Оның жетекшісі – Д.Орынбасар.


Ал «Виртуалды әлемдерді әзірлеу / AR/VR» бағыты бойынша Артём Дербаскин күміс медаль иеленді. Студентті жарысқа А. Оңалбаева дайындаған.


Сонымен қатар, «Компьютерлік ойындарға арналған 3D-модельдеу» құзыреттілігі бойынша Ренат Базаров қола медаль жеңіп алды. Оның жетекшісі – Д.Амантайқызы.


Чемпионат қатысушыларын құттықтаған Ресей Федерациясының Оқу-ағарту министрі Сергей Кравцов жобаға 10 мыңнан астам кәсіпорын серіктес ретінде қатысатынын атап өтті. Олар байқау тапсырмаларын әзірлеуге атсалысып, тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсынып, қатысушыларды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетеді.


Министрдің айтуынша, чемпионат нәтижелері еңбек нарығының заманауи талаптарына сай білім беру бағдарламаларын жыл сайын жаңартып отыруға мүмкіндік береді.


Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, 2026 жылы «Кәсіпқойлар» чемпионатының финалдық кезеңдері Ресейдің өзге қалаларында жалғасады. Тамыз айында өндірістік құзыреттіліктер бойынша жарыстар Калуга қаласында өтсе, қараша-желтоқсан айларында білім беру, қызмет көрсету, өндіріс, медицина, құрылыс және инженерлік технологиялар бағытындағы сайыстар Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылады.

57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!