Otpan News Logo

Маңғыстауда Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды

|
13.12.2025 10:09
Маңғыстауда Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты Жұмысшы мамандықтар жылының ресми жабылу салтанатына қатысты. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2025 – Жұмысшы мамандықтар жылының өңірлік қорытындысы ретінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Шараға өңірдің әр саласында абыройлы еңбек етіп, кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен 11 еңбек әулеті қатысты. Олардың қатарында теміржолшылар, энергетиктер, жүргізушілер, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері және коммуналдық қызмет мамандары бар. Әулеттердің еңбек өтілі 26 жылдан 317 жылға дейінгі кәсіби тарихты қамтиды.


Іс-шарада түрлі салада адал еңбек етіп жүрген мамандарға облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Марапат иелерінің қатарында газ шаруашылығы, энергетика, төтенше жағдайлар, құрылыс, байланыс, коммуналдық қызмет, көлік және басқа да салалардың өкілдері бар.


Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай еңбек адамы – ел дамуының негізгі тірегі екенін атап өтіп, мамандарға алғысын білдірді.


– Жұмысшы мамандықтары – кез келген мемлекеттің индустриялық дамуының өзегі. Сондықтан бұл салаға биыл ғана емес, жыл сайын жоғары деңгейде көңіл бөлінуге тиіс. Құрылыс, өндіріс, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салалардың сапалы жұмыс істеуі – білікті жұмысшылардың қолында. Жастар еңбек жолын қарапайым жұмыстан бастап, тәжірибемен шыңдалып, содан кейін кәсіби деңгейін көтеруі қажет. Ең бастысы – адал еңбек әрқашан бағаланады. Сіздердің еңбектеріңіз – өңірдің тірегі, Маңғыстаудың дамуының негізі. Еңбектеріңіз елене берсін! – деді облыс әкімі.


Айта кетейік, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Маңғыстау облысында ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, «WorldSkills Aktau 2025» чемпионаты мен «DostiSkills 2025» халықаралық чемпионаты өтті. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі «TurkicSkills 2025» халықаралық чемпионаты алғаш рет Маңғыстауда өтті.

101
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!