Otpan News Logo

Маңғыстау облысы су инфрақұрылымы саласында халықаралық инвесторлармен ынтымақтастықты нығайтуда

|
01.07.2026 15:22
Маңғыстау облысы су инфрақұрылымы саласында халықаралық инвесторлармен ынтымақтастықты нығайтуда

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай су инфрақұрылымы саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі – Metito Utilities Limited халықаралық компаниясының делегациясымен кездесті. Делегацияны компанияның коммерциялық директоры Валид Мадвар бастап келді.


Кездесу барысында тараптар өңірдегі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Ақтау қаласындағы №1 кәріз-тазарту құрылыстарын (КОС-1) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жаңғырту жобасын талқылады.


Өңір басшысы халықты сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету облысты дамытудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Ақтау қаласында тәулігіне жалпы қуаты 18-20 мың текше метр ағынды суды тазартатын екі кәріз-тазарту құрылысы жұмыс істейді. 2025 жылдың соңында КОС-2 нысанының екінші кезеңі пайдалануға берілді. Ал КОС-1 нысанының тозу деңгейі 80 пайызға жеткен. Осыған байланысты нысанды кешенді жаңғыртып, оның өндірістік қуатын едәуір арттыру қажеттілігі туындап отыр.


Өз кезегінде Metito Utilities Limited компаниясының өкілдері тәулігіне 50 мың текше метр ағынды суды тазартуға қауқарлы заманауи кәріз-тазарту кешенін жобалау, қаржыландыру, салу, пайдалану және техникалық қызмет көрсетуді қамтитын жоба тұжырымдамасын таныстырды.


Облыс әкімінің айтуынша, жобаны іске асыру Ақтау қаласының су бұру жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық қауіпсіздікті күшейтіп, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға, коммуналдық инфрақұрылымның сенімді жұмысын қамтамасыз етуге және облыс орталығының орнықты дамуына ықпал етеді.


– Ақтау қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту – халықтың өмір сүру сапасына, экологиялық қауіпсіздікке және қаланың одан әрі дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет. Біз заманауи технологиялар мен осындай жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар халықаралық инвесторларды тартуға мүдделіміз. Бұл бастаманы тиімді жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Metito Utilities Limited – су ресурстарын басқару және су инфрақұрылымы саласындағы халықаралық инвестор әрі оператор. Компанияның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыруда 25 жылдан астам тәжірибесі бар және әлемнің түрлі елдерінде 35-тен астам ірі инфрақұрылымдық жобаны табысты жүзеге асырған.

74
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!