Otpan News Logo

Криштиану Роналду әлем чемпионаттарындағы мансабын аяқтады

|
07.07.2026 11:06
Криштиану Роналду әлем чемпионаттарындағы мансабын аяқтады

Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатындағы соңғы ойынын өткізіп, мундиальдардағы мансабын аяқтады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Португалия құрамасы 1/8 финалда Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, турнирмен қоштасты. Осылайша, 41 жастағы Роналду үшін бұл әлем чемпионатындағы соңғы жарыс болды. Ол бұған дейін-ақ 2026 жылғы мундиальдың өз мансабындағы соңғы әлем чемпионаты болатынын мәлімдеген еді.


Португалия құрамасы топтық кезеңде K тобында екінші орын алып, Өзбекстанды 5:0 есебімен жеңді, Колумбиямен (0:0) және Конго Демократиялық Республикасымен (1:1) тең түсті. Плей-оффтың алғашқы кезеңінде Хорватияны 2:1 есебімен ұтып, кейін Испанияға есе жіберді.


Роналду әлем чемпионаттарында алғаш рет 2006 жылы өнер көрсетті. Алты әлем чемпионатына қатысқан ол жалпы 27 матч өткізіп, 11 гол соқты және екі нәтижелі пас берді.


2026 жылғы әлем чемпионатында Роналду топтық кезеңде Өзбекстан қақпасына екі гол соғып, Хорватиямен өткен кездесуде пенальтиден гол соқты. Сондай-ақ бұл оның әлем чемпионаттары тарихындағы плей-офф кезеңіндегі алғашқы голы болды.


Роналду әлем чемпионаттарында мына құрамаларға гол соққан:

• 2006 жыл – Иран;

• 2010 жыл – Солтүстік Корея;

• 2014 жыл – Гана;

• 2018 жыл – Испанияға үш гол және Мароккоға бір гол;

• 2022 жыл – Гана;

• 2026 жыл – Өзбекстанға екі гол және Хорватияға бір гол.

Әлем чемпионаттарындағы нәтижелі әрекеттер саны бойынша Роналду Аргентина құрамасының капитаны Лионель Мессиден қалып келеді. Мессидің еншісінде 20 гол және сегіз нәтижелі пас бар.


Криштиану Роналду – бес дүркін «Алтын доп» иегері, 2016 жылғы Еуропа чемпионы, УЕФА Ұлттар лигасының екі дүркін жеңімпазы (2019, 2025) және Чемпиондар лигасының бес дүркін чемпионы. Ол сондай-ақ футбол тарихындағы, ұлттық құрамалар, Еуропа чемпионаты және Чемпиондар лигасы тарихындағы ең үздік сұрмергендердің бірі саналады.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!