Ақтауда шомылуға тыйым салынған жерде екі адам суға батып кетті
Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жабдықталмаған жағалауында екі бірдей қайғылы оқиға тіркелді. Салдарынан бір ересек адам мен бір бала қаза тапты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Қайғылы жағдай 6 шілде күні Ақтау қаласынан 41-42 шақырым қашықтықта орналасқан, шомылуға арналмаған аумақта орын алған.
• Бірінші жағдай: 1984 жылы туған ер адам рұқсат етілмеген орында шомылып жүріп, суға батып кеткен. Оның мәйітін оқиға орнындағы куәгерлер судан алып шықты.
• Екінші жағдай: Алғашқы оқиға орнына жақын маңда тағы бір отбасы қайғылы жағдайға тап болды. Құтқарушылар жеткенге дейін куәгерлер судан 2012 жылы туған баланың мәйітін алып шыққан.
Осы екінші оқиға кезінде айналадағы адамдардың жедел әрекетінің арқасында екі адам аман қалды:
1. 1991 жылы туған әкесі - дәрігерлер тексергеннен кейін үйіне жіберілді.
2. 2018 жылы туған бала - жедел түрде Ақтау қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Оқиға орындарына Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Суға шомылу ережесін сақтамаудың салдарынан 2 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.
"Азаматтарды тек шомылуға арнайы жабдықталған орындарда ғана суға түсуге шақырамыз. Шомылуға жабдықталмаған учаскелерде суға түсу өмірге қауіпті. Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаңыздар", - деді Маңғыстау облысыТөтенше жағдайлар департаментінің мамандары.