Қазақстанда Астана есімді 26 адам тұрады
Елорда күніне орай Ұлттық статистика бюросы Астана қаласына қатысты қызықты статистикалық деректерді жариялады, деп хабарлайды Otpannews.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.
2026 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, Астана қаласының халқы 1 674 699 адамды құрайды. Оның ішінде 884 029-ы – әйелдер, 790 670-і – ерлер. Қала тұрғындарының орташа жасы – 30,9 жас, ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы 78,8 жылға жеткен.
2025 жылы елордада 27,4 мың сәби дүниеге келген. Қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі балалар саны 545 мың болса, оның 280 мыңы – ұлдар, 265 мыңы – қыздар. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында қалада 3 469-дан астам неке тіркелген. Халықтың қартаю индексі 22,9-ды құрайды, яғни әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 22,9 адамнан келеді.
Астанада кәсіпкерлік белсенділік те қарқынды дамып келеді. Қалада 274 285 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. 18,5 мыңға жуық құрылыс компаниясының жұмыс істеуі бойынша елорда республикада бірінші орында тұр. Сонымен қатар қалада 6 819 қоғамдық тамақтандыру орны бар. Бұл көрсеткіш бойынша Астана Алматыдан кейінгі екінші орында. Қаланың тұрғын үй қоры 576 мың пәтерден тұрады.
Елордада 31 театр, 35 кітапхана, 24 саябақ және 5 музей жұмыс істейді. Тұрақты интернет қызметін 443,4 мың абонент пайдаланады.
Астана еліміздегі ірі туристік орталықтардың бірі саналады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елорда қонақүйлері 67,9 мың шетелдік туристі қабылдаған. Қазіргі уақытта қалада алты бес жұлдызды қонақүй жұмыс істейді.
Сондай-ақ Қазақстанда Астана есімді 26 адам тұратыны белгілі болды.