Ақтауда жерасты термалды суымен емдейтін сауықтыру кешені салынып жатыр
OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласында емдік-сауықтыру және оңалту қызметтерін дамытуға бағытталған «Нұр» санаторийлік-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба толық іске қосылғаннан кейін тұрғындар мен қала қонақтарына заманауи медициналық-сауықтыру қызметтері ұсынылмақ, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген туризм саласын дамыту және өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру міндеттері аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жобаның басты ерекшелігі – жерасты табиғи термалды суын емдік мақсатта пайдалану. Кешен 170 нөмірге, 240 төсек-орынға арналған. Мұнда оңалту бөлімшелері, физиотерапия, массаж, балшықпен емдеу және ингаляция кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар жабық бассейн, сауна, хамам, екі асхана және 120 орындық конференц-зал болады.
Кешен толық іске қосылғанда 100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба өңірде медициналық-сауықтыру туризмін дамытуға және тұрғындарға сапалы оңалту қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді.
«СКР СНАБ» ЖШС техникалық директоры Махмұт Қалжановтың айтуынша, құрылыс жобасы бұған дейін қосымша түзетуден өтіп, кешеннің ішкі дизайнына бірқатар өзгеріс енгізілген.
- Нысан алты блоктан тұрады және 170 нөмірге арналған. Сонымен қатар демалушылардың серуендеп, тынығуына мүмкіндік беретін жеке аумағы қарастырылған. Кешеннің басты ерекшелігі жерасты табиғи минералды суы мен Каспий теңізінің мүмкіндіктерін емдік-сауықтыру мақсатында пайдалану. Нысанда медициналық оңалту және сауықтыру қызметтері ұсынылады. Жаз мезгілінде туристерге теңіз жағасында демалып қана қоймай, түрлі емдік шаралардан өтуге мүмкіндік жасағымыз келеді. Осы арқылы өңірдің сауықтыру туризмін дамытуға үлес қосуды көздеп отырмыз, – деді Махмұт Қалжанов.