Маңғыстауда Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
Маңғыстауда Қазақстанның халық ақыны, жыршылық-жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілі Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиынды Yessenov University ұйымдастырды.
Конференцияда ақынның әдеби мұрасы, жыршылық-жыраулық дәстүрі, шежірешілік қыры, шығармаларының тілі мен көркемдік ерекшеліктері, тарихи-танымдық сипаты және рухани сабақтастығы талқыланды.
Сәттіғұл Жанғабылұлы (1876–1966) – халықтың тарихи жадын, елдік мұратын, заман шындығын, ерлік пен адамгершілік құндылықтарды жырға қосқан сөз зергері. Оның шығармашылығы Маңғыстаудың дәстүрлі жыраулық поэзиясы мен ХХ ғасырдағы халық әдебиетінің арасын жалғаған рухани мұра саналады.
Жиын аясында сәттіғұлтанушы ғалым Әлия Жеткізгенованың «Сәттіғұл Жанғабылұлының поэзиясы: дәстүр, шеберлік, шежіре» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Еңбекте ақын поэзиясының көркемдік табиғаты, дәстүр сабақтастығы мен шежірелік сипаты ғылыми тұрғыдан қарастырылған.
Халықаралық конференцияға Ақтөбе қаласындағы Жұбанов университетінің профессоры Айнұр Көшкінбаева, Астана қаласындағы Назарбаев университетінің оқытушысы Мұстафа Шоқай және Yessenov University ғалымдары қатысты. Олар ақын шығармашылығының әр қырын қамтитын баяндамалар жасап, әдеби-рухани сабақтастық мәселелері жөніндегі ғылыми тұжырымдарын ортаға салды.
Сондай-ақ басқосуға өлкетанушылар, өнертанушылар, тарихшылар, әдебиеттанушылар мен қаламгерлер қатысып, Сәттіғұл мұрасының тарихи, әдеби және рухани маңызы жөнінде пікір алмасты.
Конференцияның басты мақсаты – ақынның шығармашылық мұрасын жаңа ғылыми пайымдар негізінде зерделеу, Маңғыстаудың ғасырлар бойы қалыптасқан жыршылық-жыраулық дәстүріндегі орнын айқындау және мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Ғылыми жиын Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармашылығын Маңғыстаудың тарихи жады мен ұлттық рухани сабақтастығының маңызды бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.