Otpan News Logo

Ақтауда Каспий итбалығын қорғау мәселесі талқыланды: оқушылар 21 ұсыныс әзірледі

|
20.11.2026 11:11
Ақтауда Каспий итбалығын қорғау мәселесі талқыланды: оқушылар 21 ұсыныс әзірледі

OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Каспий итбалығын сақтау және қорғау мәселесіне арналған экологиялық іс-шара өтті. Жиында теңіз жануарының жаппай қырылу себептері, мекендеу ортасын қорғау және жергілікті тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ әлеуметтік зерттеу нәтижесінде әзірленген 21 ұсыныс таныстырылды.


Бастама Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Эколидер» волонтерлік клубының жетекшісі Бақытгүл Өмірханқызы Жақсылықованың жетекшілігімен жүзеге асырылып келеді.


Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтің айтуынша, соңғы жылдары Каспий жағалауында итбалық өлекселерінің табылуы алаңдатарлық жағдайға айналған.


«2025 жылы 296 итбалықтың өлексесі табылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2212-ге жетті. Ал 2026 жылдың өзінде 402 итбалықтың өлексесі анықталды. Облыс әкімінің бұйрығымен арнайы комиссия құрылып, әрбір жағдай бойынша зерттеу жүргізілуде. Алайда өлекселердің басым бөлігі ыдыраудың үшінші-төртінші сатысында болғандықтан, олардың нақты неден өлгенін анықтау мүмкін болмай отыр», – деді Арман Молдашев.


Оның сөзінше, итбалық популяциясын сақтау мақсатында жергілікті тұрғындар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізуге 5 миллион теңге бөлінген. Зерттеудің басты мақсаты – балықшылардың, жастардың, студенттер мен ауыл тұрғындарының Каспий итбалығы туралы хабардар ету деңгейін анықтау.


«Ғылыми зерттеулерге сәйкес, қазіргі уақытта Каспий итбалықтарының саны шамамен 400 мыңға жуық деп бағаланады. 2023 жылы арнайы итбалық резерваты құрылды. Оның аумағы қазір 100 мың гектарды құрайды. Дегенмен итбалықтардың шоғырланатын және күшіктейтін жерлерін ескере отырып, резерват аумағын кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр», - деді басқарма басшысы.


Ал «Эколидер» волонтерлік клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықованың айтуынша, оқушылар екі жылдан астам уақыт бойы Каспий итбалығын қорғау мәселесін зерттеп келеді. Бұл жолы олар жануарлардың биологиялық жағдайымен қатар, теңіз жағалауында тұратын халықтың пікірін зерделеуге басымдық берген.


«Әлеуметтік зерттеуге 200-ге жуық адам қатысты. Біз ауыл тұрғындарымен, балықшылармен, жастармен және ғалымдармен сұхбаттастық. Нәтижесінде 21 ұсыныс әзірледік. Бастапқыда тұрғындар итбалықтың өлексесін тапқан жағдайда қайда хабарласу керектігін білмейтінін байқадық. Кейде құзырлы органдар бір-біріне сілтейтін жағдайлар да болды. Сондықтан нақты іс-қимыл алгоритмін қалыптастыру қажеттігін түсіндік», - деді ол.


Бақытгүл Жақсылықованың сөзінше, былтыр облыс әкімдігіне жолданған 10 ұсыныстың барлығы қабылданған. Ал биылғы 21 ұсыныс мемлекетаралық, ұлттық және өңірлік деңгейлерге бөлінген.


«Каспий теңізі бес мемлекетпен шектесетіндіктен, итбалықты қорғау жұмыстары да ортақ жоспар негізінде жүргізілуі керек. Әр елде зерттеу мен мониторинг жұмыстары ұйымдастырылып, оған ғалымдармен қатар волонтерлер мен жергілікті тұрғындар да қатысқаны маңызды. Сонымен бірге Қазақстандағы итбалық резерваттың аумағын қайта зерттеп, қажет болған жағдайда кеңейтуді ұсынып отырмыз», - деді клуб жетекшісі.


Жобаны жүйелі түрде жалғастыру мақсатында «ЭкоСоциум» қоғамдық бірлестігі құрылған. Әзірленген ұсыныстар Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасына жолданып, кейін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылмақ.


Айта кетейік, 2000 жылы Каспий жағалауынан әртүрлі деректер бойынша 20-30 мыңға жуық итбалықтың өлексесі табылған. Ал 2020 жылы Құрық ауылы маңында итбалықтарға қатыгездік көрсету оқиғасы қоғам назарын аударған еді.


Жоба авторларының айтуынша, Каспий итбалығын сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл іске жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділерінің де қатысуы теңіз экожүйесін қорғауға ықпал етеді.

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!