Ақтаулық фотографтың суреттері Италияның журналында жарияланды
OTPANNEWS.KZ. - Ақтаулық фотограф Адам Шаповаловтың фотосуреттері әлемге әйгілі Vogue Italia басылымының сайтында жарияланды. Оның Наурыз мерекесіне арналған фотосериясы халықаралық аудиторияға ұсынылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Адамның Vogue Italia-мен шығармашылық байланысы 2022 жылы басталған. Алғашқы фотосуреті сол жылы басылымның онлайн-платформасында жарияланса, 2026 жылы Наурыз мерекесіне арналған тұтас фотосериясы оқырман назарына ұсынылды. Фотографтың айтуынша, ол суреттерін редакцияға өзі жолдайды. Редакторлар мақұлдаған жағдайда жұмыс Vogue логотипі бар сутаңбамен автордың портфолиосына автоматты түрде орналастырылады.
-Фотографиямен 2020 жылдан бері айналысамын. Бәрі қарапайым, бағасы қымбат емес айналы фотоаппараттан басталды. Алғашында бұл жай ғана қызығушылық еді. Қаланы аралап, бұрын байқамаған дүниелерге назар аударатынмын. Уақыт өте келе фотография мен үшін маңызды шығармашылық бағытқа айналды. Негізінен деректі және көше фотографиясына қызығамын. Қалалық орта, адамдардың күнделікті өмірі, Маңғыстаудың мәдениеті мен тарихы мені ерекше қызықтырады, - дейді Адам Шаповалов.
Адам Шаповаловтың негізгі мамандығы – электрик. Қазіргі уақытта осы салада еңбек ете отырып, фотографияны да қатар дамытып келеді. Осы уақыт аралығында оның жұмыстары Vogue Italia және басқа да басылымдарда жарияланып, жеке және топтық көрмелерге, фотожобаларға қатысқан. Сондай-ақ кураторлық қызметпен айналысқан. Қазір фотографтың жұмыстары ЮНЕСКО ұйымдастыратын Алматы қаласындағы көрмеге дайындалып жатыр.
Бұдан бөлек, Vogue Italia сайтында жарияланған фотосуреттері жексенбі күні Душанбеде өткен топтық көрмеде де ұсынылған.
-Мен үшін ең үлкен қуаныш – танымал басылымда жариялану ғана емес, фотосуреттерім арқылы туған өлкемді танытып, Маңғыстаудың әсемдігін өзгелерге көрсету. Ақтауды аралап жүріп түсірген қарапайым кадрларымды әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың көре алатынын сезіну ерекше әсер сыйлайды. Фотография арқылы өңіріміздің мәдениетімен, дәстүрімен және табиғатымен өзге елдердің тұрғындары да танысса деймін. Мұны туған өлкемді танытуға қосқан шағын үлесім деп білемін, - дейді фотограф.
Қазіргі таңда Адам Шаповалов фотография бағытындағы шығармашылығын дамытып, жеке жобаларымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.