Қарақия ауданында 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы басталды
OTPANNEWS.KZ. – 20 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Қарақия ауданына барып, аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары баяндалып, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Алтынғалиев биыл 10 айдағы атқарылған жұмыстар мен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер туралы баяндады.
Қазіргі таңда Қарақия ауданының халқы 35 мыңнан асады. Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және экономикалық әлеуетті нығайту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.
Денсаулық сақтау саласында аудан тұрғындарына 14 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Биыл аудандық емхана жанынан «Үздік тәжірибе орталығы» ашылып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейді. Орталық заманауи зертханалық аппараттармен жабдықталған.
Мәдени инфрақұрылымды дамыту мақсатында Қарақия станциясы елді мекенінде 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы басталды.
Тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Биыл Құрық ауылында сыйымдылығы 4 мың текше метр болатын су резервуарының құрылысы, ал Жетібай ауылында Еділ суын тазарту өндірістік станциясын қайта жаңғырту жобасы аяқталып, пайдалануға берілді. Бостан және Сенек ауылдарында дренаж жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Есепті кезеңде Бостан ауылындағы 2,3 шақырым жолдың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан аумағында көгалдандыру, санитарлық тазалық және абаттандыру шаралары тұрақты жүргізілуде. Мәліметке сәйкес, 7 625 түп жасыл желек отырғызылған.
Аудан елді мекендерінде 8 воркаут алаңы, 4 ашық спорт алаңы салынып, жарықтандыру жүйелері орнатылды. Сондай-ақ 8240 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы төселіп, 22 аялдама жаңартылып, бірқатар абаттандыру нысаны пайдалануға берілді.
Қарақия ауданының географиялық орналасуы мен көлік инфрақұрылымы оның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашып отыр. Есепті кезеңде «Semurg Invest» серіктестігінің «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы және «Kaspi Grain Way» серіктестігінің астық терминалы арқылы 131 мың тонна түсті металл мен 45,7 мың тонна бидай жөнелтілді.
«Ерсай» порты арқылы 7,2 мың тонна транзиттік ауыр жүк қабылданып, жалпы 2,6 млн тонна жүк тасымалданған.
Қазіргі уақытта «Ерсай» портының акваториясын тереңдету, теміржол желісін тарту және айлақ салу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Темір Баба» өткізу бекетін жаңғырту және техникалық жарақтандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба іске асқаннан кейін бекеттің өткізу қабілеті тәулігіне 200 автокөліктен 400 автокөлікке дейін ұлғаяды.
Сонымен қатар Құрық ауылы маңында «Kaspi Union» серіктестігінің жол бойындағы қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда жүк көліктеріне арналған тұрақ, жанар-жағармай құю станциясы мен жатақхана жұмыс істеп тұр.
Мал шаруашылығын қолдау және жайылымдағы төрт түлікті сумен қамтамасыз ету мақсатында аудан елді мекендерінде 7 құдық қазылды. Құрық ауылындағы ветеринариялық станцияның құрылысы аяқталып, оны пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда балық шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа жоба да жүзеге асырылуда. «Органик Фиш» компаниясы Песчаный мүйісі жағалауынан 10 миль қашықтықта теңізге арнайы торлы қоршаулар орнатып, оған 20 мың шабақ жіберді. Жобаның мақсаты – Каспий албыртын өсіру. 2030 жылға дейін жылына 5 мың тонна балық өндіру жоспарланып отыр.
Туризм саласында да ауданның әлеуеті жоғары. Қазіргі таңда мұнда 20 табиғи көрікті орын мен 12 туристік бағыт бар. Әсіресе Өнере, Көкесем және Бозжыра шатқалдарына келушілер саны артып келеді. Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Бозжыра шатқалына дейінгі ұзындығы 14,9 шақырым автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде.
Аудан экономикасын әртараптандыру мен инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері үш инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 31 жаңа жұмыс орны ашылды.
Кездесу барысында аудан тұрғындары ауылішілік қоғамдық көлік мәселесі, жұмысқа орналасу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, спорт және білім беру салаларына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелерді заңнама аясында зерделеп, шешу жөнінде аудан әкімдігі мен жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ әр мәселе бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілуін бақылауға алуды тапсырды.