Нұрдәулет Қилыбай Құрық ауылындағы мектеп-гимназияның жағдайымен танысты
OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 20 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапары аясында Құрық ауылындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназияға барып, білім беру нысанының қазіргі жағдайын көрді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мектеп ғимараты 2009 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген. Ғимараттың жалпы ауданы - 10 970,1 шаршы метр. 2025 жылғы 23 шілдеде білім ордасының акт залының төбесі опырылып құлаған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер болған жоқ.
Зақымданған акт залының аумағы шамамен 619,07 шаршы метр. Оқиғадан кейін залдың ішіне кіру қауіпті деп танылған. Сондай-ақ акт залына іргелес дәліздер мен бірқатар бөлмелердің төбе жабындары да зақымданған.
Айта кетейік, оқиғаға дейін мектепте 1348 оқушы екі ауысымда білім алған. Білім беру ұйымында 196 қызметкер жұмыс істейді. Бұған дейін мектеп ғимараты апатты жағдайда деп танылмаған. Қазіргі таңда мектеп ғимаратын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда.
Мектептің жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін оқушылар мен педагогикалық ұжым Құрық ауылындағы іргелес білім беру ұйымдарына орналастырылған. Оқу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқушылар сыныптарына қарай үш мектепке бөлінген. Сонымен қатар оқушылар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі білім беру нысанының жағдайына қатысты жауапты сала өкілдеріне тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ ғимаратты салған мердігер ұйымға қатысты қолданыстағы заңнама аясында қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.