Otpan News Logo

Ақтауда цифрлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

|
19.11.2026 18:21
Ақтауда цифрлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Интернет-алаяқтықтың алдын алу, қаржылық қауіпсіздік және әлеуметтік желідегі жауапкершілік мәселелеріне арналған «CYBER SANA» облыстық цифрлық форумы өтті.


«Цифрлық сауаттылық және саналы мінез-құлық» тақырыбында ұйымдастырылған шараға мемлекеттік орган өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары, кәсіпкерлер, өнер және медиа өкілдері қатысты.


Жиында өңір тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қауіп-қатерлерді анықтау және жеке деректерді қорғау мәселелері сөз болды. Қатысушылар ақпараттың шынайылығын тексеру, қаржылық алаяқтықтан сақтану және желідегі әрекеттерге жауапкершілікпен қарау жөнінде пікір алмасты.


Форумда Маңғыстау облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Айболат Мурзашев интернет-алаяқтық құрбаны болған жағдайда алғашқы кезекте қандай әрекет жасау керектігін түсіндірді.


Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Маңғыстау филиалының бас маманы – заң кеңесшісі Алтынай Кощиева банктік операциялардың қауіпсіздігіне тоқталды. Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балгабаев қаржы пирамидалары, жалған инвестициялық ұсыныстар мен дропперлік әрекеттердің қаупі туралы айтты.


Кездесудің екінші бөлімінде қоғамға танымал тұлғалардың бейнесін алаяқтық мақсатта пайдалану, әлеуметтік желідегі жеке шекара, отбасы мүшелерінің цифрлық қауіпсіздігі және ойланбай жарияланған жазбалардың салдары талқыланды.


Бұл тақырыптар бойынша театр және кино актері Төлепберген Байсақалов, актриса әрі тележүргізуші Дина Тасбулатова, кәсіпкер және бизнес-тренер Шолпан Тусипбекова, блогер әрі актер Ильяс Копжасаров, кәсіпкер әрі коммуникация тренері Қайрат Хасанов пікір білдірді.


Форум барысында қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, ашық диалогқа қатысты. Сондай-ақ «CYBER SANA» интерактивті квизі ұйымдастырылып, келушілер цифрлық қауіпсіздік бойынша білімдерін сынады.

3
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!