Otpan News Logo

Ақтауда қысқы маусымға дайындық мәселелері қаралды

|
19.11.2026 19:51
Ақтауда қысқы маусымға дайындық мәселелері қаралды

OTPANNEWS.KZ. - Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Маңғыстау облысының төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.


Жиында өңірдің 2026-2027 жылдардағы қысқы маусымға дайындығы, тұрғын үйлердегі газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлер мен білім беру нысандарының жай-күйі қаралды.


Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала және энергетика нысандарын қысқы маусымға дайындау барысы туралы баяндады.


Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейнеубек Әбілов республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен теміржол инфрақұрылымының қысқы кезеңдегі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


Сонымен қатар өңірдегі авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлер мен білім беру нысандарының қазіргі жағдайы қаралып, олардағы негізгі проблемалар мен шешу жолдары талқыланды.


Жиында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармаларға көтерілген мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ қысқы маусымға дайындық жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтап, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, газ қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту және авариялық нысандарға қатысты нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.


Облыс әкімі әрбір бағыт бойынша жауапты тұлғалардың жұмысын үйлестіріп, тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!