Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілер күнінде жас мамандардың ата-аналарына алғыс айтылды
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күні ерекше аталып өтті. Мерекенің басты ерекшелігі – қысқа мерзім ішінде жоғары кәсіби нәтижелер көрсетіп, ведомство жұмысына айтарлықтай үлес қосқан жас қызметкерлердің ата-аналарын марапаттау болды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Департамент басшылығы жас мамандардың табысы – ең алдымен жауапкершілігі жоғары, мақсаткер және патриот азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарының еңбегі екенін атап өтті. Іс-шара аясында ата-аналарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
«Бүгін біз жас әріптестерімізді өсіріп, тәрбиелеген жандарға ерекше ілтипатпен алғыс айтамыз. Сіздердің балаларыңыз – мемлекеттік қызметтің болашағы, олардың жұмыста өздерін көрсетуі біз үшін мақтаныш. Олардың бастамашылдығы, адалдығы мен кәсіби өсуі – сіздердің дұрыс тәрбиелеріңіз бен қолдауларыңыздың нәтижесі. Бүкіл ұжым атынан сіздерге шексіз алғысымызды білдіреміз», – деді Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ертуған Өтегенов.
Жас қызметкерлердің нақты жетістіктері, тапсырмаларды сапалы орындауы, жұмыстағы жоғары көрсеткіштері және тың бастамалары айтылды.
Өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің ата-аналары департамент басшылығына шынайы ризашылықтарын білдірді.
«Балаларымыздың осындай маңызды әрі жауапты мамандықты таңдағанына өте қуаныштымыз. Олардың қызметте бағаланып, қолдау тауып жатқанын көру – кез келген отбасы үшін үлкен бақыт. Басшылыққа жылы қарым-қатынастары үшін, тек қызметкерлерді ғана емес, ата-аналарды да назардан тыс қалдырмағандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Бұл бізді қуаттап, таңдаған жолымыздың дұрыстығына сенім ұялатады», – деді аналарының бірі.