Қарақұрт шаққан бес бала жансақтау бөлімінен ауыстырылды
Маусым айының басынан бері Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасына 5 кәмелетке толмаған бала түсті. Жағдайлары ауыр болғандықтан олар жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта балалар бейіндік бөлімшелерге ауыстырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстауда улы қарақұрттардың саны көбейген. Қала мен аудан тұрғындары оларды тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерінен байқап жүр. Дәрігерлер қарақұрт шаққанда ауырсыну, күйдіру, әлсіздік, жүрек айну, бұлшықет құрысулары (судороги), бас айналу және жүрек қағуының жиілеуін тудыратынын ескертеді.
Жәндік шаққан жағдайда тез арада жедел жәрдем шақыру қажет. Медицина мамандары келгенге дейін мына әрекеттерді жасау керек:
• Жараны таза сумен жуу;
• Шаққан жерге мұз (суық нәрсе) басу;
• Удың денеге тез тарамауы үшін адамның қозғалысын шектеу (қимылдатпау).
Айта кетейік, жарадан уды ауызбен сорып алуға мүлдем болмайтынын есте сақтаған жөн.