Маңғыстауда 26 маусым күні 134 жұп некені тіркеуге ниет білдірді
Цифрлық үйлесімі ерекше 2026 жылдың 26 маусым күні болашақ отбасылар арасында айрықша қызығушылық тудырды. Маңғыстау облысында осы датада некені мемлекеттік тіркеуге 134 өтініш қабылданды. Оның 105-і Ақтау қаласының тұрғындарынан түсті, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының мәліметінше, жұптар есте сақтауға оңай әрі мәні ерекше датаны жиі таңдайды.
- Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш қалыпты күндермен салыстырғанда едәуір жоғары. Әдетте Маңғыстау облысында бір тәулікте орта есеппен 10-25 неке тіркеледі. Ал бұған дейін тіркелген ең жоғары көрсеткіш шамамен 45-55 неке. Мұндай белсенділік болашақ ерлі-зайыптылардың маңызды сәттерін айрықша әрі есте қалатын кезеңдермен байланыстыруға ұмтылатынын көрсетеді, - деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы.
Айта кету керек, неке қиюды мемлекеттік тіркеу белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асады. АХАТ бөлімдерінің жұмыс кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін, түскі үзіліс – 12:30-дан 14:00-ге дейін.