Швейцария құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Швейцария құрамасы Босния және Герцеговина командасын 4:1 есебімен жеңіп, турнирдегі алғашқы жеңісін тіркеді , деп хабарлайды otpannews.kz.
Калифорния штатындағы Инглвуд қаласында өткен кездесуде швейцариялықтар ойын тізгінін өз қолдарына алып, сенімді жеңіске жетті.
Жеңімпаздар сапында Йохан Манзамби дубль авторы атанып, 74 және 90-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Сонымен қатар Рубен Варгас 84-минутта бір гол соқса, Гранит Джака қосымша уақытта пенальтиден есепті түйіндеді.
Босния және Герцеговина құрамасының жалғыз голын 90+3-минутта Эрмин Махмич соқты. Ойын барысында босниялық қорғаушы Тарик Мухаремович 80-минутта қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ол швейцариялық шабуылшы Брель Эмболоны тоқтатамын деп ереже бұзған.
Айта кетейік, бұл екі құраманың әлем чемпионаттарындағы алғашқы кездесуі болды. Бұған дейін олар тек бір рет, 2016 жылы жолдастық матчта кездесіп, онда Босния және Герцеговина 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Қазіргі таңда В тобында Швейцария, Босния және Герцеговина, Канада және Катар құрамалары өнер көрсетуде. Топтағы алғашқы матчтар 1:1 есебімен аяқталған болатын. Үшінші турда Швейцария құрамасы 24 маусым күні Канадамен кездессе, Босния және Герцеговина сол күні Катар құрамасына қарсы алаңға шығады.
2026 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.