Халықпен бірге тыныстап, елге қызмет етіп келеді
Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен халық сенімін арқалайтын маңызды сала. Осы жолда ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, ауыл тұрғындарының мәселесін шешуге үлес қосып жүрген жандардың бірі – Сайөтес ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Салтанат Далуова, деп жазады otpannews.kz Маңғыстау ауданының әкімдігіне сілтеме жасап.
Салтанат Қолғанатқызы мемлекеттік қызмет саласында 2000 жылдан бері еңбек етіп келеді. 26 жылдан астам уақыт ішінде ол ауыл өмірінің әр саласында жұмыс істеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайынан бастап қоғамдық бастамаларға дейінгі көптеген мәселенің оң шешілуіне атсалысып келеді.
Оның қызметтік міндеттері сан алуан. Бас маман жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және жергілікті қауымдастықпен өзара іс-қимылды ұйымдастырады, әлеуметтік мәселелер бойынша тұрғындармен жұмыс жүргізеді, мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін қамтамасыз етеді.
Салтанат Қолғанатқызы мемлекеттік қызметшінің басты міндеті халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір болу деп есептейді. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметші өз ісінің маманы ғана емес, заңды құрметтейтін, әдептілік қағидаларын берік ұстанатын және азаматтардың сеніміне ие бола алатын тұлға болуы тиіс.
- Мемлекеттік қызмет саласында қарапайым, әділдікті сүйетін, адамгершілігі мол, қоғам игілігіне жұмыс істеп, азаматтарға сапалы әрі дер кезінде көмек көрсете алатын маман еңбек етуі керек, - дейді ол.
Салтанат Қолғанатқызы жұмыстан тыс уақытын отбасына арнайды. Әйел адамның негізгі міндеттерінің бірі – отбасының берекесін сақтау екенін айтқан ол үй шаруасымен айналысып, туған-туыстарына көңіл бөлуге уақыт табады. Отбасы мүшелері де оның қызметіне түсіністікпен қарап, әрдайым қолдау көрсетеді.
Көп жылғы тәжірибесі бар маман мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлін ерекше бағалайды және мемлекеттік қызметке келуді армандайтын жастарға ең алдымен адалдық пен адамгершілік қасиеттерді жоғалтпауға кеңес береді.
Ширек ғасырдан аса уақытын мемлекеттік қызметке арнаған Салтанат Қолғанатқызы үшін ең үлкен марапат – тұрғындардың алғысы мен сенімі. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген мамандардың еңбегі қоғамның тұрақты дамуы мен ел игілігінің артуына қызмет ете беретіні сөзсіз.