Otpan News Logo

Маңғыстауда медицина саласының қызметкерлері марапатталды

|
19.06.2026 17:56
Маңғыстауда медицина саласының қызметкерлері марапатталды

Бүгін Ақтауда медицина қызметкерлері мерекесіне орай сала мамандары марапатталды. Мерекелік іс-шараға денсаулық сақтау саласының өкілдері, ардагерлер мен облыс әкімі қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


Салтанатты жиын барысында өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы жауапты әрі қасиетті рөлін ерекше атап өтті.


«Дәрігер мамандығы – үлкен жауапкершілікті, терең білім мен жанашырлықты талап ететін қасиетті кәсіп. Сіздер әрқашан халықтың жанынан табылып, адам өмірі үшін күресіп келесіздер. Әрбір құтқарылған өмір мен сауығып кеткен науқас – сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі»,– деді облыс әкімі.


Жиын барысында халық денсаулығын сақтау жолындағы елеулі еңбектері үшін бірқатар азаматтар жоғары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, Тұщықұдық ауруханасының ардагері Сайын Керелбаев «Парасат» орденіне ие болды. Ал сала ардагері Гүлжан Ізмағанбетова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Әдемі Нәубетова мен Алтын Абдрахмановаға «Еңбек ардагері» медалі берілді. 


Сонымен қатар сала мамандары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамоталарын және облыс әкімінің Алғыс хаттарын иеленді. Мерекелік кеште Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Сағат Бітімов «Жылдың таңдаулы дәрігері» аталымына ие болды. 


«Мен балалармен жұмыс істеп, педиатр дәрігері болып жүргеніме 33 жыл болды. Бұл салаға келуім кездейсоқ емес, әуел бастан-ақ балалар дәрігері боламын деген ниетім болған. Менің ең алғашқы жұмыс орным – Маңғыстау аудандық аурханасы. Жас маман болып алғаш жұмысқа орналасқаннан-ақ емхана мен ауруханада қатар қызмет еттім. Кейде ауыр халдегі балалармен жұмыс істеп, 2-3 күн бойы үйге бармаған сәттер де болған. Осы салада еңбек етіп жүргеніме бақыттымын. Еліміз аман болсын, балалар ауырмасын. Медицина саласының қызметкерлерін шын жүректен төл мерекемізбен құттықтаймын!»- деді «Медикер Каспий» медициналық орталығының педиатры, дәрігер Бақытгүл Әліпова. 


Іс-шара «Дәрігер парызы» деректі фильмінің көрсетілімімен толықтырылып, өңір медицинасының жетістіктері дәріптелді. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, ақ халатты абзал жандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!