Otpan News Logo

Маңғыстауда медиацияны дамыту және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды

Маңғыстауда медиацияны дамыту және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды

Маңғыстау облысында медиация институтын дамыту және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланған кеңейтілген отырыс өтті. Басқосуда өңірдегі медиация кеңестерінің қызметі, дау-жанжалдардың алдын алу және этносаралық татулықты сақтау мәселелері қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz


Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының консультанты Инара Раһимзаде, облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері мен депутаттар қатысты.


Отырысты ашқан Маңғыстау облыстық мәслихатының және Медиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев медиацияның қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде «Елдесу және татуласу» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ медиация институты азаматтар арасындағы өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыруда маңызды құралға айналған.


Жиында сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының консультанты Инара Раһимзаде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда медиацияның маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл институт дау-жанжалдардың алдын алып, қоғамдағы сенім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.


Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев медиация қоғамдағы түрлі келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін тиімді тетік екенін айтып, өңірде бұл бағытқа жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді.


Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов еліміздің барлық өңірінде медиация кеңестері жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша 20 медиация кеңесі жүйелі қызмет атқарып келеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жобалармен толықтырылады.


Кеңейтілген отырыста Маңғыстау облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлажар Бақытжанова өңірде сотқа дейінгі татуластыру рәсімдерін дамыту және медиацияны кеңінен қолдану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.


Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың атынан медиация саласының дамуына үлес қосқан бірқатар Медиация кеңесі мүшелері Алғыс хаттармен марапатталды.


Отырыс барысында қатысушылар медиация институтын одан әрі жетілдіру, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылап, алдағы жұмыс жоспарларын айқындады.

61
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!