Маңғыстау облысында медицина саласы соңғы 5 жылда қалай дамыды?
Маңғыстау өңірінде медицина саласы жыл сайын қарыштап дамып келеді. Әсіресе соңғы бес жылда аймақтың медициналық инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды реформалар жасалды. Замануи құрал-жабдықтармен қамту деңгейі артып, жаңа медициналық нысандар мен емханалар бой көтерді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдегі шалғай елді мекендердің сапалы медицинаға қолжетімділігі артты, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Ауыл медицинасы мен инфрақұрылымның жаңаруы Ұлттық жоба аясында Қарақия ауданының Аппақ елді мекенінде, Маңғыстау ауданының Қосбұлақ және Бейнеу ауданының Тәжен ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынып, ел игілігіне берілді.
Мемлекет басшысы ерекше балалар үшін сапалы әрі қолжетімді оңалту қызметін қамтамасыз етуді басым міндетттерінің бірі ретінде атап өтті. Осы мақсатта Бейнеу ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған "Қамқорлық" оңалту орталығы ашылды. Мұнда балалар дер кезінде медициналық көмек алып, денсаулығын қалпына келтіруге, өмір сапасын жақтартуға мүмкіндік алады. Енді ата-аналар баласын алысқа апармай-ақ аудан орталығынан сапалы қызмет ала алады. Жаңа орталық жылына 600-ден астам бала қабылдап, 14 күндік оңалту курстарын ұйымдастырады.
Сонымен қатар Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 150 орындық аурухана пайдалануға берілді. Жоба денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынды. Көлемі 30 мың шаршы метр заманауи ғимарат қажетті медициналық жабдықтармен халықаралық стандарттарға сай толықтай қамтылған. Ауруханада стационарлық терапия, хирургия, босану бөлімі мен анестезиология, реанимация бөлімшелері жұмыс істейді. Аурухананың ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова арнайы қатысты.
Озық технологиялар және халықаралық ынтымақтастық ілгерілеп келеді.
Маңғыстау медицинасы жоғары технологиялық деңгейге көтерілді. Ақтау қаласында еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы позитронды-эмиссиялық томография ПЭТ КТА орталығы іске қосылды. Орталық онкологиялық ауруларды жоғары технологиялық диагностикалауға қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Орталықтың жылдық жобалық қуаты 3000 адамды құрайды.
Медицина саласына замануи жүйенің де белсенді түрде кіргенін айтуға болды. Атап айтсақ, Маңғыстауда инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект жүйесі енгізілді. Жасанды интеллекттің көмегі арқылы қойылатын диагноз өлім-жітімді 40%-ға дейін азайтып отыр.
«Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі - Cerebra AI. Бұл - инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді», - деген болатын Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Ана мен бала денсаулығы - басты назарда
Маңғыстау облысында нәресте өлімі көрсеткіші төмендеді. Бұл оң нәтижеге өңірдегі Ана мен бала орталығының қажетті замануи медициналық құралдармен толықтай жабдықталғаны және жүйелі әрі сапалы жұмысы айтарлықтай ықпал етуде. Былтыр ерте туған және туа бітті ақаулармен дүниеге келген 31 нәрестеге ота жасалып, олардың 95% аман қалды. Мамандар күрделі жағдайдағы сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы жұмыс істейді.
Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында өңір тарихында алғаш рет шала туған нәрестелерге ретинопатия диагнозы бойынша жоғары технологиялық офтальмологиялық ота жүргізіледі.
Перинаталдық орталыққа заманауи медициналық диодты «АЛОД-01» лазерлік аппараты іске қосылды. Жаңа құрылғы шала туған нәрестелер арасында жиі кездесетін ретинопатия ауруын ерте кезеңде анықтап, дер кезінде тиімді ем жүргізуге және балалардың көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Заманауи қондырғы «Аяла» қайырымдылық қорының бастамасымен, сондай-ақ «Galamat» серіктестігі, Qazaq Oil компаниясы және «220 Вольт» компаниясының қолдауымен табысталды.
Сондай-ақ биыл көпбейінді балалар ауруханасына кореялық дәрігерлер делегациясы келіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл өз кезегінде өңірдегі медицина саласының жеткен үздік жетістіктерінің бірі деп айтуға болады. Себебі, науқас балаларға шетелдік дәрігерлер ота жасап, олардың шетел аспай-ақ, қала орталығында ем алуына мүмкіндік туды.
"Жасалған меморандум денсаулық сақтау саласындағы өзара тәжірибе алмасу, білікті мамандар даярлау, жаңа технологияларды енгізу және медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді" - деді Әулие Мария халықаралық клиникасының резиденті Ко Дон Хен.
Білікті шетел мамандарынан тәжірбие алу біздің дәрігерлер үшін үлкен мүмкіндік. Себебі болашақта осы отаны басқа науқас балаларға жасайды. Бұл іс-шара ота жасатуға қалтасы көтермейтін ата-ана мен балаға арналған “Мүмкіндік” жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жобаның мақсаты әлем бойынша үздік деп танылған 6 медицина маманын елге әкеліп, 60 балаға ота жасату. Ал әлемдік деңгейдегі 6 хирургты елімізге шақырту арқылы шығынды 240 млн теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік туып отыр. Айта кетейік, Кореядан келген дәрігерлер 10 шақты балаға ота жасады.
Кадр тапшылығының шешілуі
Маңғыстау облысында медициналық кадрлармен қамту деңгейі артып келеді. 2025 жылы өңірге 123 жас дәрігер келді. Оның ішінде 61 маман ауылдық жерлерге жіберілді. Әлеуметтік қолдаудың аясында Мұнайлы ауданында кадр тапшылығы мәселесі жойылды. Облыстағы жұмыстың тартымдылығын арттыру үшін көтерме төлемдер 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайды. Мамандар қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 32 дәрігер шетелде оқып, біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласын дамыту аясында жедел медициналық жәрдем қызметі елеулі түрде нығайтылды. Атап айтқанда облыстық жедел жәрдем қызметі автопаркі 32 жаңа замануи автокөлікпен толықты. Сонымен қатар өңірдегі медициналық ұйымдарға қосымша 18 жаңа санитарлық автокөлік берілді. Жаңа автокөлік науқастарға дер кезінде әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік беретін қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының жаңа бас ғимараты пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған нысан жедел жәрдем қызметінің сапасын аттыруға, медицниа қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған. Жаңа ғимарат қажетті техникалармен жабдықталған, диспетчерлік қызмет жаңартылған және арнайы қызметтік бөлімдермен толықтай қамтылған. Бұл өз кезегінде шұғыл шақыртуларға жедел әрекет етуге және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары мен заманауи үрдістерге сай атқарылған бұл ауқымды жұмыстар Маңғыстау облысындағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасы мен денсаулығын жақсартудың берік іргетасына айналды. Өңірдің шежіресі мен әлеуметтік тынысын дөп басып жазып кеткен ардагер журналист Терекбай Жаңбыршыұлы аңсаған Маңғыстаудың бүгінгі даму қарқыны, соның ішінде адам жанының арашасы - медицина саласы да жаңа белестерді бағындыруда. Мұндай жүйелі даму қарқыны болашақта да аймақ медицинасын жаңа белестерге бастайтыны сөзсіз.