Otpan News Logo

Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары-2026» өңірлік көрме-конкурсы өтті

|
20.06.2026 13:32
Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары-2026» өңірлік көрме-конкурсы өтті

Ақтау қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-конкурсы өтті. Іс-шара отандық өндірісті қолдау, жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін кеңінен таныту және қазақстандық тауарлардың сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Оtpannews.kz.

 

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, аталған көрме-конкурсқа Маңғыстау облысының түрлі салаларында қызмет ететін 80-ге жуық кәсіпкер мен тауар өндіруші қатысты. Олар өз өнімдерін тұрғындар мен қала қонақтарына ұсынып, өндірістік әлеуеті мен жаңа жобаларын таныстырды.

 

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев қатысты. Өз сөзінде Жеңіс Тайшытаев байқаудың кәсіпкерлікті дамытудағы маңызын атап өтті.

 

-Бүгін Ақтау қаласында жыл сайын өткізілетін «Қазақстанның үздік тауары» конкурсын ұйымдастырып отырмыз. Бұл байқауға негізінен шағын және орта бизнес субъектілері қатысады. Мұндай шаралар кәсіпкерлердің өз өнімдерін таныстырып, тәжірибе алмасуына және өндіріс сапасын арттыруына мүмкіндік береді, - деді Жеңіс Тайшытаев.

 

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Аққу Айтжанованың айтуынша, биылғы көрме-конкурстың өзіндік ерекшелігі бар.


Биыл «Алтын сапа» Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығына арналған республикалық конкурсқа 20 жыл толып отыр. Сонымен қатар «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңін алғаш рет теңіз жағалауындағы ашық алаңда өткізіп жатырмыз. Конкурсқа 80-ге жуық кәсіпкер қатысып, олардың арасынан тоғыз жеңімпаз анықталды. Байқаудың басты мақсаты – кәсіпкерлер шығаратын өнімдердің сапасы мен өндіріс көлемін арттыру. Жыл соңында бүгін анықталған тоғыз жеңімпаз республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды, - деді Аққу Айтжанова.

 

Байқау үш негізгі номинация бойынша өткізілді. Атап айтқанда, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары».

 

Қатысушылардың өнімдері сапасы, қауіпсіздігі, тұтынушылық қасиеттері, инновациялық ерекшелігі және бәсекеге қабілеттілігі бойынша бағаланды.

 

Іс-шара аясында жергілікті өндірушілердің өнім көрмесі ұйымдастырылып, келушілер өңірде өндірілетін тауарлармен танысты. Сонымен қатар жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, салалық әйелдер кәсіпкерлігі кеңесінің ұйымдастыруымен қолөнер бойынша шеберлік сағаты өткізілді.

 

Байқау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Новые трубные технологии» ЖШС, «A&B Technology» ЖШС және «Жан 65» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясында «Кенжетаева» жеке кәсіпкерлігі, «Баласағұн» ЖШС және «HABA KZ» ЖШС үздік деп танылды. Бұдан бөлек «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Берекет Ф» ЖШС, «Korkem Alem» ЖШС және «Kazakh Osseter» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» ЖШС жеңімпаздар қатарынан көрінді.

 

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы отандық кәсіпорындардың дамуына серпін беріп, олардың өнімдерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік жасап келеді. Өңірлік кезеңде үздік деп танылған тоғыз кәсіпорын Маңғыстау облысының атынан республикалық байқауға қатысып, өңір намысын қорғайтын болады.

85
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!