Otpan News Logo

Маңғыстауда дамуында ерекшелігі бар балаларға ерте көмек көрсету күшейтіледі

Маңғыстауда дамуында ерекшелігі бар балаларға ерте көмек көрсету күшейтіледі

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі дамуында ауытқу қаупі бар балаларға арналған ерте араласу жүйесін дамыту бойынша пилоттық жобаны іске қоспақ. Жоба 32 аудандық аурухана базасында жүзеге асырылады, деп хабарлайды Otpannews.kz Baq.kz сайтына сілтеме жасап.


«Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін пилоттық жоба Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Жетісу облысының ауылдық ауруханаларында басталады.


Бастаманы енгізу мәселелері дамуында ауытқу қаупі бар балаларға медициналық көмек көрсету жүйесін дамыту жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында талқыланды.


Жиынды ашқан Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев балалардың денсаулығын қорғау мемлекет үшін стратегиялық басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.


Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда балаларға өмірінің алғашқы күндерінен бастап скринингтік тексерулердің бес түрі жүргізіледі. Ал жыл сайынғы профилактикалық тексерулермен 5 миллионнан астам бала қамтылады.


2025 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 386 даму және ерте араласу орталығы жұмыс істеп келеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтап, қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.


Соған қарамастан, кеңес қатысушылары мұндай қызметтерге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін айтты. Олардың пікірінше, қазіргі түзету-қолдау жүйесі балалар мен отбасылардың қажеттілігін толық өтей алмай отыр. Соның салдарынан баланың дамуы үшін аса маңызды саналатын бес жасқа дейінгі кезең – «алтын мүмкіндік кезеңін» жіберіп алу қаупі сақталады.


Отырыс қорытындысы бойынша пилоттық жобаны Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Жетісу облыстарының ауылдық медициналық ұйымдарында іске қосу туралы шешім қабылданды.


Сондай-ақ «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында eGov порталы негізінде 18 жасқа дейінгі балаларды сүйемелдеуге арналған бірыңғай ведомствоаралық цифрлық платформаны құру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе баланың алғашқы жүгінуінен бастап оңалту кезеңіне дейінгі барлық қызмет түрлерін үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етеді деп күтілуде.


Денсаулық сақтау министрлігі жаңа шаралар ерте көмектің қолжетімділігін арттыруға, даму ерекшелігі бар балалардың өмір сапасын жақсартуға және елдегі балалар мүгедектігінің деңгейін төмендетуге бағытталғанын атап өтті.

47
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!