Ақтауда мысық жетім қалған кірпі балаларын бауырына басты
Ақтауда тұрғыны паналатқан мысық анасынан айырылған кірпінің екі баласын өз қамқорлығына алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқиға екі апта бұрын басталған. Жанашыр тұрғындар көшеден жаңа туған екі марғауымен бірге мысықты тауып алып, үйлеріне әкелген. Жануарларды бұрынғы иелері қорапқа салып тастап кеткен екен. Өкінішке қарай, көп ұзамай марғаулардың бірі өліп қалады.
Осы кезде қаладағы құрылыс алаңдарының бірінде жер қазу жұмыстары кезінде кірпінің іні бұзылып, аналығы қаза тапқан. Ал оның екі баласы аман қалған.
Кейін жетім қалған кірпі балалары әлгі мысық тұратын үйге жеткізілген. Үй иелері оларды емізулі мысыққа жақындатып көргенде, күтпеген жағдайға тап болады. Мысық кірпі балаларын жатсынбай, өз баласы сияқты қабылдап, қамқорлық жасай бастаған.
Қазір мысық марғауымен бірге екі кірпі баласын да бағып отыр. Қайғылы жағдайдан басталған бұл оқиға жануарлардың да мейірім мен қамқорлық көрсете алатынын дәлелдеп, көпшіліктің жүрегін жылытты.