Otpan News Logo

Маңғыстауда археологтар сирек кездесетін тарихи жәдігер тапты

|
23.06.2026 11:14
Маңғыстауда археологтар сирек кездесетін тарихи жәдігер тапты

Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында ғалымдар V ғасырға жататын бірегей мыс қалыпты тапты. Бұл жәдігер сәндік белдік қаптырмаларын жасауға арналған қалып ретінде қолданылған, деп хабарлайды otpannews.kz.


Мамандар кейіннен ежелгі қалыптың көмегімен белдік әшекейінің көшірмесін жасап шығарды. Археологтардың айтуынша, мұндай мыс қалыптар Ұлы қоныс аудару дәуіріндегі зергерлердің негізгі құралдарының бірі болған.


V ғасырдағы қалыптар белдік ілгектері, белдік ұштары мен сәндік қаптырмаларды жаппай өндіруге мүмкіндік берген. Шеберлер алтын, күміс немесе мыс секілді жұмсақ металдарды қалыпқа салып, арнайы құралдардың көмегімен бедерлі өрнек түсірген. Матрицалардың өзі көбіне беріктігі жоғары қола немесе мыстан құйылған.


Айта кетейік, Қарақабақ қалашығын 2006 жылы археолог Андрей Астафьев Маңғыстаудағы көне сауда жолдарын зерттеу кезінде ашқан болатын. Алайда бұл ескерткіште жүйелі археологиялық зерттеулер тек 2017 жылы басталды.


Кейінгі зерттеулер Қарақабақтың ежелгі грек ғалымы Клавдий Птолемейдің карталарында көрсетілген Аспабота қаласымен сәйкес келуі мүмкін екенін көрсетті. Птолемейдің Азия картасында Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы қала ретінде белгіленген Аспабота ұзақ уақыт бойы тарихшылар үшін жұмбақ болып келген.


Ғалымдардың пікірінше, Қарақабақтың Аспабота қаласы екені дәлелденсе, бұл Қазақстан археологиясындағы әлемдік деңгейдегі маңызды жаңалықтардың бірі болмақ. Сонымен қатар бұл жаңалық Маңғыстау өңірінің екі мың жыл бұрын Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауда мен өркениеттер тоғысында маңызды рөл атқарғанын айғақтай түседі.

73
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!