Маңғыстау ауданында тұрғындармен жүрмелі кездесу өтті
Маңғыстау ауданында тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті мәселелерді жергілікті жерде талқылау мақсатында аудан әкімі Ғалымжан Ниязов пен Шетпе ауылының әкімі Айдос Шамғұловтың қатысуымен ауылдарда жүрмелі кездесулер өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қосбұлақ ауылында өткен кездесуде елді мекеннің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, тұрғындар құрылысы жүріп жатқан паркке қатысты, ауылдың 60 жылдық мерейтойын ұйымдастыру, бассейн салу, көше жарықтарын орнату, бала бақша жайы және қоғамдық көлік қозғалысын реттеу жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Ал Базарлыдағы кездесуде жауын-шашыннан кейін келетін қарғын судың бағытын бұру, адамдар жүруіне ыңғайлы көпірлер салу, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару мен ойын алаңдарын көбейту мәселелері талқыланды. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынып, тиісті мекемелерге нақты тапсырма берілді.
Сонымен қатар, жүрмелі кездесулер Ащыбұлақ және Шетпе-1 елді мекендерінде де ұйымдастырылды. Ашыбұлақта жаңа мектептің салынуы, ауылішілік жолдардың жағдайы, көше жарықтандыру, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері айтылды. Шетпе-1 шағын ауданында саябақтағы зиянды жәндіктерді улау, көше жарықтандыру, су, тоққа қатысты мәселелер көтерілді.
Аудан әкімі барлық көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен зерделеніп, заңнама аясында шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті. Мұндай кездесулер тұрғындармен кері байланысты нығайтып, ауылдардың өзекті мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.