Маңғыстауда мәдениет қызметкерлері жаңа Конституция жобасын талқылады
Маңғыстау облысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіруге арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараға мәдениет саласындағы мекемелердің басшылары мен қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесуге ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Маңғыстау облысы бойынша өкілі Аслан Кужиев, «Саламатты Ел» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлзира Есетова және «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова қатысты.
Жиын барысында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жаңа Конституция жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ комиссияның атқарған жұмыстары туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, бір палаталы парламент құру, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған бастамалар кеңінен талқыланды.
Кездесуде Жаңа Конституция жобасының басты қағидаты – «мемлекет адам үшін» принципі екені атап өтілді. Сондай-ақ Миранда ережесін енгізу, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіру, eGov және e-Otinish порталдары арқылы өтініш беру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері түсіндірілді. Бұдан бөлек, 126 мүшеден тұратын Халық кеңесінің құрылымы мен оның қоғамдық диалогты дамытудағы рөлі туралы ақпарат берілді.
«Саламатты Ел» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлзира Есетованың айтуынша, кездесуде елдің басқару жүйесіндегі маңызды өзгерістерге ерекше назар аударылған.
Мемлекеттің демократиялық, зайырлы және құқықтық бағытта дамуы, бір парламенттік жүйеге көшу мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Құрылтайдың құрылымы, оның бес жыл мерзімге сайланатыны, партиялық тізім арқылы жасақталатыны айтылды. Сонымен қатар, вице-президент институтын енгізудің маңызы мен Халық кеңесінің міндеттері туралы кеңінен ақпарат берілді, - деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар толғандырған сұрағын қойып, нақты жауап алды.