Маңғыстауда экожобаға қатысты дау шықты

Otpannews.kz бұған дейін Ақтау тұрғыны Наталья Инасаридзе туралы жазған болатын. Ол жыртқыш құстарды өз қаржысына емдеп, оңалтумен айналысады. Наталья жарақат алған дала бүркітін асырап-бағуға арналған орын тауып, енді оны ресми түрде заңдастыру үшін әкімдікке барып, Қызыл кітапқа енген құсты ұстауға рұқсат алмақ болған. Алайда әкімдікте күтпеген жайт анықталады.
Белгілі болғандай, астаналық экологиялық қор осы жылы мамыр айында Ақтауда құстарды оңалту мақсатында 10 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алған екен. Бір таңқаларлығы, бұл қор грант алу үшін Натальяның видеоларын өз жұмысы ретінде көрсетіп, пайдаланған.
Наталья дала бүркітін торда емес, кең әрі табиғи ортада ұстау қажет деп шешіп, Страус фермасымен келіседі. Ол жерде құсты ұстауға барлық жағдай жасалған. Ферма иелері тек бір талап қойған – Наталья табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан ресми рұқсат әкелуі тиіс. Осы уақытқа дейін Натальяға Астанадан екі әйел бірнеше рет хабарласып, Ақтаудағы ветклиника базасында құстарды оңалту орталығын ашуға 500 мың теңге ұсынған.
Біз бұл жайлы бірнеше рет телефонмен сөйлестік. Мен кездесіп, егжей-тегжейлі талқылайық деп ұсыныс жасадым. Орталықта қызметкерлер бола ма, жалақы қарастырыла ма, тасымалдау мәселесі қалай шешіледі деген сияқты сұрақтар жолдадым. Бірақ бірде-бір сұрағыма жауап ала алмадым. Кейін әкімдікке барғанда сол екі әйелдің Астанадағы экологиялық қордың өкілдері екенін білдім. Оларға оңалту орталығын ашу үшін 10 миллион теңге грант бөлінген екен. Бірақ олар маған 500 мың теңге беріп, менің жұмысымды өз аттарына жазбақ болыпты. Кейін бірнеше рет біреулер хабарласып, босатылған құстар бойынша есеп сұрай бастады. Мен ешкімнің қызметкері емеспін, ешкімнен ақша сұрап жүрген жоқпын, ешкім емдеу мен тамақтандыруға қаржы бөлмейді. Мен кімге есеп беруім керек? Сөйтсем, олар менің жұмысымды өздерінікі етіп көрсетіп, бөлінген қаржыны игеріп жатқандай көрінгісі келген екен, – дейді Наталья.
Кейіннен Натальяға дала бүркітін ұстауға ресми рұқсат беріледі. Сонымен қатар, оған құстарды оңалту орталығының нақты жобасын әзірлеп, сметалық құнын есептеуді ұсынған.
Маған ресми ұсыныс жіберілді. Себебі мен бұл іспен айналысып жүргеннен кейін көп нәрсені білемін. Астаналық қордың жобасында экскурсиялар, буклеттер мен флешмобтар қарастырылған. Бірақ құстарға экскурсия емес, жем, вольер, наркоз керек. Қазір біз коммерциялық ұсыныстарды жинап жатырмыз. Алдын ала есеп бойынша, орталықты жүзеге асыруға кемінде 30 миллион теңге қажет, – дейді Наталья.
Бұл оқиғаға кейін Ақтаудағы танымал блогер Азамат Сәрсенбаев та қосылды. Ол түрлі экологиялық бастамалардың амбассадоры ретінде танымал әрі жаралы құстарды көбіне оған әкеліп, ол оларды Натальяға жеткізеді екен.
Өткен жылы маған Астанадан бір қор хабарласып, Ақтаудағы құстарды оңалту жобасына көмектесуді сұрады. Мен оларға барлық қажетті ақпаратты беріп, кейіннен ұмытып кетіппін. Сөйтсем, олар 10 миллион теңге ұтып алып, мені өз жобаларына волонтер ретінде қосып қойыпты. Сметасын көріп, шошып кеттім. Бұл соманың төрттен бірін өздеріне жалақы ретінде белгілепті, тағы бірнеше миллионды буклеттер, брошюралар, флешмобтар, экскурсиялар және маусым айының соңында өтеді деп жоспарланған қоқиқаз фестиваліне жұмсауға жоспарлапты. Ал құстарды емдеуге бар болғаны 500 мың теңге қарастырған. Бұл аз болғандай, олар тағы бір экологиялық бағыттағы грантты ұтып алыпты – бұл жолы 8 миллион теңге. Онда да шығындар осындай флешмоб, семинар деген сияқтыларға кетеді. Яғни, жалпы сомасы 18 миллион теңге, бірақ шынайы құстарды құтқаруға ештеңе істелмеген. Неге Астанадағы қор Маңғыстауға қатысты үлкен гранттарды жеңіп алады да, осы жерде тұрып, тегін жұмыс істеп жүрген адамдар мемлекеттен бір тиын да алмайды? Мен Натальяға өз қорыңызды құрып, гранттық байқауларға өзіңіз қатысыңыз деп ұсыныс жасадым, – дейді Азамат Сәрсенбаев.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бұл грантты азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырғанын айтты. Бұл орталық – байқаудың операторы. Конкурс биыл мамыр айында өткен.
Бұл жағдайлар анықталған соң, біз бірден операторға грантты қайтарып, қаражатты кері алуды талап ететін хат жібердік. Қазіргі таңда жауап күтіп отырмыз. Бұл грант бір жылға бөлінген, бірақ барлық шаралар жылдың соңына дейін орындалуы тиіс. Анықталған фактілер бізді грантты қайтарып алу туралы шешім қабылдауға негіз болды, – деді басқарма өкілдері.
