«Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшылығы сарбаздардың ата-аналарымен кездесті

Ақтауда «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы сарбаздардың ата-аналарымен кездесті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Достық үйінде «Біртұтас гарнизон – тұрақтылық пен тәртіп кепілі» атты форум аясында әскери бөлімдер басшылығы мен мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің отбасыларымен өзара қарым-қатынас мәселелері талқылаған болатын.
Іс-шараға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, Шекара қызметі департаментінің, Ақтау гарнизонының, қалалық және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің басшылығы, әскери бөлімдердің командирлері, әскери полицияның әскери қызметшілері, жергілікті басқару органдары мен ата-аналар қоғамының өкілдері қатысты. Отырыста мерзімді қызмет өткеру, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйі, оларды әлеуметтік және құқықтық қорғау мәселелері талқыланды.
«Әскер – нағыз ер адамдарды шыңдайтын орта. Сонымен қатар, әрбір ата-ана ұлының қауіпсіз екеніне, оған әскери істі игеруге көмектесетініне және қажетті қолдау көрсететініне сенімді болуы керек. Сенім қоғамға қызмет етуге және пайдалы болуға деген ұмтылысқа ықпал ететін ашық диалог арқылы құрылады, – деді «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева.
Қолбасшылық сарбаздардың тамақтануы, заттай, медициналық қамтамасыз етілуі және олардың қызмет ету кезеңінде жұмысшы мамандығын алу мүмкіндігі туралы толық ақпарат берді.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов өз сөзінде ата-аналарға сенім мен түсіністік танытқандары үшін алғысын білдірді.
«Біз мемлекет алдындағы ғана емес, бүгінгі таңда баласы қызмет атқарып жүрген әрбір қазақстандық отбасы алдындағы жауапкершілікті терең түсінеміз. Ата-аналардың қолдауы біз үшін де, әскери қызметшілер үшін де мықты ынталандыру. Мұндай кездесулер армия мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеріне сенімдімін», – деді ол.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін марапаттау рәсімі өтті. Ерекше көзге түскен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге және олардың ата-аналарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұдан кейін Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің, Әскери-теңіз күштері әскери оркестрінің және Ұлттық ұлан ансамблінің шығармашылық ұжымдары көпшілікке мерекелік концертін ұсынды.


