Ақтауда жылу желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

Ақтауда қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен жылу желілерін жаңғырту жұмыстарына қатысты жүрмелі жиын өтті. Шараға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және жауапты коммуналдық сала өкілдері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиында 2025 жылға жоспарланған жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының барысы қаралды. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстарының 98 пайызы толық аяқталған. Қалған жұмыстар алдағы күндері толығымен аяқталады. Бұл туралы қала басшысына «Алматыинжстрой» АҚ механикаландырылған жұмыстар филиалының директоры баяндады.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов жауаптыларға жұмыстарды шұғыл әрі сапалы аяқтауды міндеттеп, нақты мерзім белгіледі.
Алдағы екі күн ішінде біз тұрған аумақтың қазу жұмыстарын толық аяқтаңыздар. Қыркүйектің 15-іне дейін құбырлар толығымен жаңартылуы тиіс. Осыдан соң бірден жылу жүйесін сумен толтыру процесін бастау қажет. Алдағы күндері жүргізілетін жұмыстарға қатысты нақты кестені шұғыл ұсыныңыздар, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, өткен жылы Ақтау қаласында ұзындығы 11,4 шақырымды құрайтын магистральдық жылу құбыры толық ауыстырылды. Ал биыл жобаның екінші кезеңі аясында тағы 10 шақырымға жуық жылу желісі жаңартылып жатыр.
