Маңғыстау мен Атырау тұрғындары Түрікменстанға визасыз қашан бара алады?

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Маңғыстау мен Атырау тұрғындарына Түрікменстанға визасыз бару мүмкіндігін беру мәселесі көтерілді, деп жазады otpannews.kz сайты kazinform.kz-ке сілтеме беріп.
Сенатор Мұрат Қадырбектің айтуынша, Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміздің батыс өңірлеріне Түрікменстаннан 80 мыңға жуық қандас көшіп келді. Ал бүгінде екі бауырлас ел арасындағы шекарадан өту кезінде бірқатар қиындық туындап отырды. Өйткені Қазақстан азаматтары Түрікменстанға виза арқылы ғана кіре алады.
- Көптеген адам Түрікменстанда ата-бабалары жерленген жерге бара алмай жатыр. Осы ретте 2001 жылы Қазақстан мен Түрікменстан арасында тиісті келісімге қол қойылып, оған сәйкес, Түрікменстан аумағына визасыз кіру, шығу және уақытша болуға тек қана Атырау мен Маңғыстау облысында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарына 5 тәуліктен аспайтын мерзімге рұқсат етілген болатын. Алайда 2016 жылы Түрікменстан тарапынан мұндай мүмкіндік тоқтатылды. Сол жылдан бастап бүгінге дейін Қазақстанның шекаралас облыстары тұрғындарының түрікмен тарапынан рұқсаттың болмауына байланысты Түрікменстан аумағына визасыз кіре алмауына орай біраз өтініш келіп түсті, - деді ол.
Осыған орай сенатор Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтан «Атырау мен Маңғыстау облыстарында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарының Түрікменстан аумағына кіруі қандай себептерге байланысты тоқтатылды? Қазіргі уақытта екі ел арасындағы визасыз режимді қайта қалпына келтіру мәселесі қандай күйде және шешу мақсатында тиісті шаралар атқарылып жатыр ма?» деп сұрады
Сауалға жауап берген министр орынбасары 2016 жылдан бастап Түрікменстан тарапы мұндай тәжірибені доғарғанын растады.
- Әрине, бізге де арыздар түсіп жатыр. Мәселе Сыртқы істер министрлігінің бақылауында тұр. Президентіміз Түрікменстанға барғанда бұл мәселе көтерілді. Биыл көктемде Сыртқы істер министрлігінде визалық консультациялар өткіздік. Тиісті хаттамаға өзгерістер дайындалып, түрікмен тарапына жіберілді. Енді олар ішкі мемлекеттік рәсімдерді өтіп жатыр. Мәселе бақылауымызда, - деді Әлібек Қуантыров.
