Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Әлемге зиян тигізбей өмір сүрген дұрыс – Гүлайым Қибас

Ақмарал Берекет
|
03.09.2025 19:43
Әлемге зиян тигізбей өмір сүрген дұрыс – Гүлайым Қибас

Табиғатты қорғау – әрбір адамның өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Осы қағиданы берік ұстанып жүрген экоблогер әрі белсенді Гүлайым Қибас бүгінде мыңдаған оқырманына табиғатқа жанашырлықты насихаттап келеді. Оның экологияға бет бұруына табиғаттың барған сайын ластануы, адамдардың бейқамдығы мен тұтынушылық өмір салты түрткі болған.


Гүлайымның айтуынша, табиғатқа деген қамқорлық жай ғана әдемі сөз емес, нақты іс-әрекетте көрінуі керек.


– Мен үшін бұл жолға келудің басты себебі – табиғаттың қиын жағдайы. Қазірші адамдардың көбі туризмді дұрыс түсінбей, табиғат аясында демалып, қоқысын сол жерде қалдырып кетеді. Ал оны қалаға әкеліп, сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыруға болады. Оқырмандарыма үнемі осыны айтып жүремін, – дейді ол.


Белсенді Қазақстандағы экологиялық түйткілдерді бір-бірімен байланысты жүйе деп түсіндіреді. Оның пікірінше, ауаның ластануы, жердің тозуы, судың тапшылығы мен биоалуантүрліліктің азаюы – бәрі бір-біріне ықпал ететін тізбек.


– Егер ауаны тазарту шараларын қолға алмасақ, басқа проблемалар да ушыға береді. Бұл тек өндірістің емес, қоқысын сұрыптамайтын әр адамның жауапкершілігі, – дейді Гүлайым.


Ол экоблогер ретінде кейінгі бес жылда қоғамға айтарлықтай ықпал еткенін де байқаған. 7 мыңнан астам оқырманы бар парақшасына күн сайын түрлі пікірлер келеді.


– Адамдардың көбі маған жазып, қоқысты сұрыптауды бастадым, табиғатқа шыққанда бір реттік ыдысты қолданбаймын, үйде химиялық тазартқыштардың орнына табиғи өнімдер қолданамын деп қуаныштарын бөліседі. Бұл – мен үшін ең үлкен жетістік, – дейді ол.


Гүлайым өз өмірінде де экологиялық қағиданы берік ұстанады. Үйіндегі жиһаздың біраз бөлігі бұрыннан бар заттар болса, жөндеу жұмыстарында артық қоқыс шығармауды мақсат етеді.


– Ескі есікті ауыстырмай, сырлап қолданамын. Өйткені артық қоқыс полигонға бармауы керек. Тұрмыста тек табиғи кір жуғыш зат қолданамын. Артық косметика сатып алмаймын, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтануды жөн көремін, – дейді ол.


Маңғыстау өңірінің экологиялық ахуалы да белсендіні алаңдатады. Каспий теңізінің тартылуы, судың ластануы, балық қорының азаюы – ең өзекті мәселелердің бірі.


– Бұл жаһандық жылынудың салдары ғана емес, адамдардың тұтынушылық өмір салтының нәтижесі. Біз артық зат сатып алып, оны қайтадан қоқысқа жіберу арқылы табиғатты улап отырмыз, – дейді Гүлайым.


Ол әзірге үлкен мекеме ашуды мақсат етпесе де, шағын бастамалар жасауға ниетті. Қазір «Органика чаттары» жобасын іске асырып жүр. Оның мақсаты – тамақ қалдықтарын қоқысқа тастамай, малшыларға беру. Сондай-ақ қауіпті қоқыстарды (батарейка, лампочка, дәрі-дәрмек) бөлек жинап, қайта өңдеуге жіберу үшін Ақтауда арнайы орын ашуды қалайды.


– Қалада өз қаржыма 1-2 контейнер қойып, еріктілерді тартып, жиналған қалдықтарды Алматы немесе Астанаға жіберсем деймін. Әзірге осындай шағын қадамдардан бастаймын, – дейді ол.


Сұхбаттың соңында белсенді әрбір адамға мынадай ой тастады.


– Өмірді жауапкершілікпен сүру керек. Адам табиғатқа зиян келтірмей өмір сүргені жөн. Бүгінмен ғана емес, болашақ ұрпақтың қамын ойлау – әрқайсымыздың міндетіміз, – дейді ол.


Қорытындылай келгенде, Гүлайым Қибас үшін экология – қоқыс сұрыптау ғана емес, тұтас өмір салты. Оның сенімі бойынша, табиғатқа жанашырлық әрбір үйден басталып, бүкіл қоғамға тарауға тиіс.

54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!