Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңдегі әскери парадқа қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжің қаласындағы Тяньаньмэнь алаңында өткен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына және жапон басқыншылығына қарсы күрестегі ерлікті еске алуға арналған әскери парадқа қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президентімен қатар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин және Еуропа, Азия, Африка мен Латын Америкасынан келген 20-дан астам мемлекет пен үкімет басшысы шараға құрметті қонақ ретінде қатысты.
Парадқа Қытай Халық азаттық армиясының 45 әскери құрылымы, жалпы саны 10 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылды. Сонымен бірге 100-ден аса әуе техникасы мен бірнеше жүздеген заманауи жерүсті техникасы көрсетілді.
Салтанатты шеруде алғаш рет стратегиялық маңызы бар жаңа қару түрлері таныстырылды. Олардың қатарында құрлықтағы, теңіздегі және әуедегі заманауи қару үлгілері, гипердыбыстық және жоғары дәлдіктегі соққы беретін қарулар, сондай-ақ 4-буынға жататын жаңа үлгідегі қару-жарақ, дрондар және бағытталған энергиямен жұмыс істейтін заманауи қару түрлері бар.
