Маңғыстауда ауыл жастары 1 миллион теңгеден грант ұтып, туған жерін көркейтуге кірісті
Маңғыстау облысында ауыл жастары өз идеяларын жүзеге асыру үшін грант ұтып алды. Бұл мүмкіндік оларға «JastarUrban: Ауылдан басталады» жобасы аясында берілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен және облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асқан.
Байқауға өңірдің барлық ауданынан 42 өтінім түсіп, комиссия шешімімен 7 үздік жоба жеңімпаз атанды. Әрқайсысы өз ауылын дамытуға бағытталған 1 миллион теңгеге дейінгі грант иеленді.
Грант жеңімпаздары:
1. Балтабай Еркебұлан – «Open Air Jastar» (Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылы)
2. Ғаббас Бекарыс – «Демалыс аймағы» (Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы)
3. Дощаев Алмаз – «СкейтПарк» (Қарақия ауданы, Құрық ауылы)
4. Жиенбаев Жандарбек – «Эко-Art демалыс ауласы» (Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы)
5. Қусайнов Қуаныш – «Боранқұл ауылы тұрғындарына аялдама» (Бейнеу ауданы, Бостан ауылы)
6. 6.Барлыбаева Нұргүл – «Далаға арналған шахмат үстелі» (Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылы)
7. 7.Қаржаубайұлы Сәбит – «EcoCorner Tenge» (Теңге ауылы, Жаңаөзен қаласына қарасты)
Бұл бастамалар ауыл жастарының өз елді мекендерін дамытуға белсенді қатысуына жол ашты. Жеңімпаздар грант қаражатына демалыс және спорт алаңдарын, аялдама мен экологиялық бұрыштарды салып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырды.
Сонымен қатар, қатысушыларға арналған тренингтер мен менторлық бағдарлама ұйымдастырылып, жастар жобалық менеджмент пен қаржылық жоспарлау негіздерін меңгерді. Жобалар туралы бейнероликтер әлеуметтік желілерде жарияланып, өзге ауыл жастарына шабыт берді.