«Ақиық өлке, алғи-жыр»: Маңғыстау ақындарының қорытынды кеші өтті
Маңғыстауда «Жас қаламгер» жобасы аясында өңірдің шығармашыл жастары мен поэзия сүйер қауымын бір арнаға тоғыстырған «Ақиық өлке, алғи-жыр» атты ақындардың қорытынды кеші өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шараның мақсаты – жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру, жас ақындардың тың туындыларын көпшілікке таныстыру.
Әдеби кешке қатысушылар жас қаламгерлердің жырларын тыңдап, музыка мен поэзия үндескен бағдарламаны тамашалады. Жиында өңірдің танымал және жас ақындары бір сахнада бас қосып, шығармашылық тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ іс-шарада бірнеше жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Олардың қатарында Жұмагүл Мұрсалдың «Ғашық болып қалмаңдаршы», Алтынбек Әлібаевтың «Құрақ көрпе», Гүлфарида Ермекованың «Сезім көктеп жүректе» атты жыр жинақтары бар.
Кітаптардың тұсауын Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Әнуар Бимағанбет және «Үздік өлкетанушы» медалінің иегері Сұлтанбек Құдайберген кесті.
Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали өз сөзінде «Жас қаламгер» жобасы жыл ішіндегі ең сәтті әрі нәтижелі бастамалардың бірі болғанын атап өтті.
Биыл басқарма тарапынан бірнеше гранттық жоба жүзеге асты. Солардың ішіндегі бірі де бірегейі – «Жас қаламгер» жобасы. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жас ақын-жазушыларды қолдау, шығармашылық тұрғыда шыңдау. Жоба аясында қала мен аудандарда әдеби-сазды кештер, шеберлік сағаттары және белгілі қаламгерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ бұған дейін кітабы шықпаған жас авторлардың туындыларын жарыққа шығару ісі қолға алынды. Бүгін сол еңбектің нәтижесін көріп отырмыз, – деді Нұртас Сали.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кеш – Маңғыстаудағы жас қаламгерлердің жыл бойғы еңбегінің нәтижесін паш еткен шығармашылық мереке болды.