Маңғыстауда әлеуметтік қолдау жобалары аясында 3000 жуық тұрғын қызмет алды
Маңғыстауда биыл 1 қарашада мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асып жатқан «РАЙ», «Тең мүмкіндік», «Белсенді өмір сүру» жобалары арқылы 2 661-ден астам тұрғын әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Долдашев айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, аталған жобалар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, мүгедектігі бар азаматтарға және зейнет жасындағы тұрғындарға көрсетіледі.
- «РАЙ» жедел әлеуметтік көмек орталығы арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 77 адамға арнаулы әлеуметтік қолдау көрсетілді. Атап айтсақ, «РАЙ» жобасы 19 ана мен 58 баланы қамтыды. «Тең мүмкіндік» орталығында мүгедектігі бар тұлғалар мен олардың отбасы мүшелеріне 2 464 қызмет ұсынылды. Сондай ақ, «Белсенді өмір сүру» орталығында 120 зейнет жасындағы қартқа қызмет ұсынылды, - деді Нұрбол Долдашев.
Сондай-ақ, спикер брифинг барысында осы жылы екі жаңа гранттық жобаның іске қосылғанын айтты.
- Жаңаөзен қаласында психоневрологиялық патологиясы бар балалардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету жобасы іске қосылды. Жоба аясында кемінде 50 ата-анаға жеке және топтық консультациялар ұсынылып, олардың психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады. Ал «Жұлын жарақаты бар науқастың мектебі» жобасы аясында өңірдегі 7 медицина қызметкері мен 10 жеке көмекшінің біліктілігін арттыру көзделген. Осы мақсатта тақырыптық семинарлар өткізу және Беларусь Республикасында тәжірибе алмасу қарастырылған. Қазіргі уақытта мамандардың шетелдік тағылымдамасы жалғасып жатыр, - деді Нұрбол Долдашев.
Айта кетейік, аталған жобалардан бөлек облыста жұмыспен қамтуға бағытталған жастар практикасы, «Ұрпақтар келісімшарты», NEET санатындағы жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы және «Күміс жас» жобасы жүзеге асып келеді.