Маңғыстауда ата-аналар мен жас отбасыларға арналған семинар өтті
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ - Іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облыстық өкілдігі мен облыстық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Жиын Маңғыстау облысында суға кетіп, қаза болған 14 әскери қызметшінің рухына Құран бағыштаудан басталды. Қатысушылар марқұмдардың рухына арнап дұға жасады.
Семинар барысында отбасы құндылықтары, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік, сондай-ақ жас отбасылардың берік шаңырақ қалыптастыруы мәселелері талқыланды.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов дін мен дәстүрдің ұлт тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
«Дін мен дәстүр – ұлтымыздың қос тірегі. Бүгінгі жиында садақа берудегі ысырапшылдық пен той-думандағы дарақылық туралы сөз қозғалды. Ас беру, садақа жасау – той емес. Оны қарапайым өткізіп, мәдениет сақталса, ас беруші отбасына да жеңіл болады. Осы мәселелерді бірізге салып, алдын алу туралы айтылды. Отбасы тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен олардың міндеті туралы шақырылған қонақтар ойларын білдіріп, сұрақтарға жауап берді», – деді ол.
Жиынның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-ананың жауапкершілігін арттыру және жастар арасында ұлттық әрі рухани құндылықтарды насихаттау.
Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандармен пікір алмасты.