Маңғыстауда АИТВ инфекциясының анадан балаға берілу дерегі үш жылдан бері тіркелмеген
Маңғыстау облысында соңғы үш жыл қатарынан АИТВ инфекциясының анадан балаға берілу жағдайы тіркелген жоқ. Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары бұл нәтижені ауруды ерте анықтау, науқастарды тұрақты медициналық бақылауға алу және емдеу үдерісін жүйелі қадағалау бағытындағы кешенді жұмыстың жемісі деп бағалайды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жыл басынан бері өңірде АИТВ инфекциясының 26 жаңа жағдайы анықталған. Қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында 482 адам тұр. Олардың әрқайсысымен денсаулығын сақтау және инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жеке жұмыс жүргізіліп жатыр.
Орталық бөлімшесінің меңгерушісі Гүлшара Бегнияздың айтуынша, науқастардың емге жауапкершілікпен қарауы және антиретровирустық препараттарды уақытылы қабылдауы оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы үш жыл ішінде өңірде АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Бұл – біздің жұмысымыздың тиімділігін көрсететін басты көрсеткіштердің бірі. Препараттарды қабылдау деңгейі мен вирустық жүктемені бақылау көрсеткіші 94-95 пайызға жетті. Бұл нәтижелердің артында дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің күнделікті еңбегі тұр, – деді Гүлшара Бегнияз.