Қазақстанда депутаттар «иноагенттер» туралы ақпаратты кеңейтуді талап етуде
«Қазақстан халық партиясы» фракциясының бес депутаты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Депутаттар өз сауалында ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) шетелдік көздерден қаржы алатын, халық арасында «иноагенттер тізімі» деп аталып кеткен реестрді жариялағанын атап өтті. Бұл жолы алғаш рет қаржыландырудың сомасы мен көздері туралы ақпарат қоса берілген.
Қазақстан халық партиясы Реестрдің бұлайша кеңейтілуін құптайды және оны осы саладағы ашықтықты қамтамасыз етудегі маңызды қадам деп есептейді. Сонымен қатар, жарияланған мәліметтер шетелдік қаржыландырудың мемлекет пен қоғам тарапынан мүлдем басқа деңгейдегі назарды талап ететін орасан зор ауқымы мен сипатын көрсетті. Ресми мәліметтерге сәйкес, тек 2025 жылдың екінші жартыжылдығында Қазақстанға 12 миллиард теңгеден астам шетелдік қаржы түскен. Бұл қаражаттың қомақты бөлігі өздерін құқық қорғау, медиа және сарапшылық ұйымдар ретінде таныстырып, қоғамдық-саяси күн тәртібін қалыптастыруға жүйелі түрде қатысып жүрген құрылымдарға бағытталған. Іс жүзінде бұл ұйымдардың көбі ондаған жылдар бойы құқық қорғау риторикасын жамылып, өз еліне деген өшпенділіктің үні ретінде жұмыс істеп келеді. Олар азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін жүйелі түрде бұзып, тұрақсыздық тудыруға қолайлы орта жасауда. Бұл жағдай ондаған жылдар бойы тиісті құқықтық реакциясыз қалып келеді, де-факто бұл экстремистік қызметтің белгілеріне жатады», - деп атап өтті депутаттар.
Олар сөз болып отырған мәселе қоғамдық пікірге, сарапшылық бағалауларға және ішкі ақпараттық ортаға тікелей әсер ететін сегменттерге жүйелі түрде сырттан қаржылық ықпал ету екенін шегелеп айтты.
МКК цифрлары кейбір құрылымдардың «тәуелсіздігі» туралы кез келген сұрақты жоққа шығарады. Өздерін құқық қорғаушы деп атайтын тұлғалардың, сондай-ақ журналистік құрылымдардың сыртқы ықпал көздеріне толық тәуелділігі айқын көрініп тұр. Яғни, шетелдік ықпал ету агенттерінің желісі арқылы Қазақстанның ішкі саясатына араласу жүріп жатыр. Осыған байланысты шетелдік қаржыландырудың ашықтығы мәселесі қаржылық реттеу шеңберінен шығып, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен ақпараттық егемендігін қамтамасыз ету үшін тікелей маңызға ие болады. Осы орайда, Реестр тек негізгі параметрлерді - сомалар мен алғашқы алушыларды ғана ашатынын атап өткіміз келеді. Қаржыландырудың нақты мазмұны мен бағытын бағалауға мүмкіндік беретін негізгі аспектілер жабық күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, шетелдік қаражат есебінен іске асырылып жатқан нақты жобалар мен бағдарламалар туралы ақпарат жоқ; қаржыландырудың мақсаттары мен тақырыптық бағыты ашылмайды; мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді қоса алғанда, қаражатты бөлу тізбегі туралы мәліметтер жоқ; соңғы өнімді қалыптастыратын түпкілікті орындаушылар мен бенефициарлар анықталмаған. Нәтижесінде қоғам мен мемлекеттік институттар қомақты қаржылық ресурстардың қоғамдық санаға, сарапшылық бағалар мен ішкі күн тәртібіне нақты ықпал етуге қалай айналып жатқанын бағалау мүмкіндігінен айырылып отыр», - делінген депутаттық сауалда.
Сауалда депутаттар бұл мәселеге халықаралық контекст ерекше маңыз беретінін атап көрсеткен.
«Реестрде көрсетілген бірқатар донорлар, соның ішінде Open Society Foundations, National Endowment for Democracy және European Endowment for Democracy әртүрлі елдердегі медианы, азаматтық белсенділікті және саяси процестерді қолдау саласында ашық жұмыс істейді. Олардың кейбір мемлекеттердегі қызметі ішкі процестерге сырттан қатысудың жол берілетін шекаралары туралы пікірталастарға бірнеше рет арқау болды. Бірнеше әлемдік мемлекеттерде олардың қызметі шектелген немесе мүлдем тыйым салынған. 2025 жылы АҚШ Әділет министрлігі Президент Дональд Трамптың талабы бойынша Сорос құрылымдарының көшедегі тәртіпсіздіктер мен ішкі терроризмді қаржыландыруы тұрғысынан тексеру бастады».
Сондықтан депутаттар реттеудің келесі кезеңіне өтуді ұсынады. Ол жарияланатын мәліметтерді кеңейтуді, соның ішінде мыналарды көрсетуді көздейді:
· Мақсаттары мен тақырыптары көрсетілген нақты жобалар мен бағдарламалар.
· Қаражатты бөлудің бүкіл тізбегі бойынша мердігерлер мен қосалқы мердігерлер туралы мәліметтер.
· Соңғы өнімді қалыптастыратын түпкілікті бенефициарлар - жеке тұлғалар туралы ақпарат.
· Жобаларды іске асыру нәтижелері - нақты қандай зерттеулер, медиа-науқандар және қоғамдық акциялар қаржыландырылғаны.
Әңгіме ҮЕҰ-дарға (үкіметтік емес ұйымдарға) тыйым салу туралы болып отырған жоқ. Әңгіме Қазақстанда миллиардтаған теңгеге өз мемлекетіне дұшпандық орта әдістемелік түрде қалыптасып жатқанда, қоғамнан ақпаратты жасыру практикасын тоқтату туралы болып отыр. Гибридті соғыс жағдайындағы ашықтық - бұл егемендікті сақтап қалу мәселесі. Қысқа мерзімде шетелдік қаржыландыруды есепке алуды реттейтін нормативтік базаға өзгерістер енгізуді бастауды және кеңейтілген есептілікті енгізудің нақты мерзімдері мен механизмдері туралы хабардар етуді сұраймыз», - деп түйіндеді бір топ депутат.